Қазақстанда психологтардың қызметін реттейтін жеке заң пайда болады. Мәжіліс депутаттары "Психологиялық қызмет туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заң жобасы аясында саладағы негізгі ұғымдар айқындалады. Соның ішінде психолог, психологиялық қызмет, ақпараттандырылған келісім, психологиялық көмектің сапасы, кәсіби құпиялық сияқты түсініктер енгізілмек.
Мақұлданған заң жобасында психологтардың біліміне, қайта даярлауға және біліктілігін растауға қойылатын талаптар да белгіленеді. Олар міндетті түрде мемлекеттік тізімге енгізілуге тиіс. Сондай-ақ, кәсіби даярлық пен қайта даярлау талаптары жүйеленіп, кемінде бес жылда бір рет біліктілікті арттыру міндеті қарастырылған.
Заң жобасында психологтардың құзыреті мен қызмет мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіби стандартқа қатысты нормалар енгізілген. Бұдан бөлек, заң жобасында психологтардың құқығы мен міндеті бекітіледі. Олардың қатарында этикалық нормаларды сақтау, келісім алу, кәсіби құпияны сақтау және клиенттің келісімінсіз ақпаратты үшінші тұлғаларға бермеу талаптары бар.
Құжатта психологиялық көмек алушылардың құқығы да айқындалған. Соның ішінде маманды таңдау, толық ақпарат алу, көмектен бас тарту, өз құқығын қорғау және шешім қабылдау мүмкіндігі қарастырылған.
Сонымен қатар, заң жобасында медициналық қызметті жүзеге асыруға және дәрі беріп, ем тағайындауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, психологиялық қызмет туралы жалған ақпарат таратуға және нәтиже міндетті түрде болады деп уәде беруге болмайды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!