- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Психологқа барып, жан...
“Психологқа барып, жан жарамды емдедім“. Меруерт Түсіпбаева сырын айтты
Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева студенттік кездерде көрген қиындығын, енесі күйеуі екеуінің арасына түскенін еске алып, сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші бұл туралы КТК телеарнасының "Иірім" бағдарламасында айтты.
"Студент боп жүргенде үйлендік. Енем мені қабылдағысы келмеді. Күйеуім Шымкент жақтың жігіті еді. Сол кезде несиеге үй алып, қалада тұрып жатыр едік. Бірде енем қалаға келді де, күйеуімді ауылға алып кетті. Шымкенттегі зауытқа жұмысқа тұрғызып, маған айтпай үйлендіріп жіберіпті. Сол кездер қатты қиын болды", - деп есіне алды Меруерт Түсіпбаева.
Әншінің айтуынша, сол кезде киерге киім болмай, ақша жетпей, қолдан киім тоқып киген екен. Жатақханада тұрғанда, тосап жауып, ақша тапқан күндері де болыпты.
"Сол кезде жақындарыма да көмектесу керек болды. Ұлыма дұрыс көңіл бөле алмадым. Баламның балалық шағы туралы еске алсам, үнемі алдымнан жүгіріп шыққаны көз алдыма келеді. Алайда мен үнемі "Балам, мен асығыспын" деп чемоданымды жинап, үйден шығып кететінмін. Балама анам, әпкелерім қарады. Әрине, жалғыз тастамадым, бірақ мен өзім жанында бола алмадым", - деп көзіне жас алды әнші.
Меруерт Түсіпбаева сол кезде жастықпен "балама тек материалдық жағынан жағдай жасауға тырысыппын" деп өкінетінін жеткізді. Кейін баласы өсіп кеткен соң қанша тырысса да, сол бала кездегі махаббаттың орнын толтыра алмағанын айтты.
"Балаңа жағдай жасап жатырсың. Сол жеткілікті" деп ойладым. "Бір кем дүние" деген осы екен ғой. Қазір ұлым шетелдің көбін көрді. Мен сол үшін еңбек еттім. Алайда оның балалық шағында жанында бола алмағаныма өкінемін. Мен кейін психологқа барып, жан жарамды емдедім. Ұлыммен суып кеткен арамызды жақсартуға тырысып, шетелде бірге тұрдым, жанында болдым. Бірақ бала деген тез есейіп кетеді екен ғой”, - деп өмірдегі ең үлкен өкініші туралы айтты әнші.
Еске салайық, Меруерт Түсіпбаева сұхбатында ұлының әкесін клипке түсіргені туралы айтып берген болатын.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева