- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Психолог қандай отбасылардан...
Психолог қандай отбасылардан абьюзер шығатынын айтты
Соңғы кездері әлеуметтік желі қолданушылары арасында әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Адамда қатыгездік не үшін пайда болады? Абьюзердің шығуына оның бала кезінде қорлық көруі әсер етуі мүмкін бе? Әлде мұндай адамдар бала кезінде әкесінің анасын ұрғанын көрді ме? Олардың мұндай әрекеттерге баруына не себеп? Бұл сұрақтарға балалар клиникалық психологы және нейропсихолог Айнұр Алдаш журналист Айгерім Сейфоллаға берген сұқбатында жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман агрессия мен қатыгездік екі түрлі нәрсе екенін түсіндірді.
"Біз бұл жайлы сөйлеспес бұрын мына екі нәрсені айырып алуымыз керек. Агрессия, ашулану – бөлек нәрсе. Агрессия – бұл кәдімгі базалық эмоция. Ол кез келген адамда болады. Мысалы, балада агрессия болмаса, ол өзінің жеке шекарасын қорғай алмайды және тіпті, жетістікке жетудің өзіне аздап агрессия керек. Агрессия мен ашулануды бөлек қарастыруымыз керек. Ал қатыгездік, зұлымдық деген – басқа нәрсе", - деді психолог.
Қатыгездік пен зұлымдық қандай отбасыдан және қайдан шығады?
"Мен барлық отбасыға топырақ шашпай-ақ қояйын, бірақ оның өзінің статистикасы болады. Қатыгездік сондай қатыгез отбасыда өскен балада болады. Зорлық-зомбылық сондай зорлық-зомбылықты көріп өскен балада болады. Яғни, отбасында ол нәрсе бар болатын болса, отбасыда сол баланы тұлға ретінде сыйламаған болса, балада зорлық-зомбылыққа тенденция бар болуы мүмкін.
Балаға қатыгездік көрсету, ұрып жіберу ешқайда кетпейді. Ол балада қалады және біркүні шығады. Ол өзінің отбасында қайталанып шығуы мүмкін. Баланы солай ұрып, қатыгез болып тәрбиелеу – ол тәрбиенің бір ғана түрі, бір жағы десек болады.
Оның екінші жағы болады, керісінше, баланы отбасының кумирі ретінде тәрбиелеу. Сен бәрінен жоғарысың, қалғандарының бәрі төмен деп тәрбиелейтін отбасылар да бар. Мұндай отбасыларда балаға бәріне рұқсат беріп, оны кумир етіп тәрбиелейді.
Бала тәрбиесінде тепе-теңдік болуы керек. Бір жағынан біз баланы шартсыз жақсы көруіміз керек, бірақ екінші жағынан балаға шектеу де қойып отыруымыз керек. Шектеу дегеніміз – біздің отбасыдағы моральдық-адамгершілік қағидалар болуы мүмкін. Мысалы, балаларымызға жануарларды қорлауға болмайды, қыз баланы ұруға болмайды деп шектеуіміздің өзі - тәрбие", - деді Айнұр Алдаш.
Алайда маман тәрбиеден бөлек баланың қатыгез болып өсуіне оның физиологиясындағы психотикалық бұзылыстар да әсер ететінін айтты.
"Барлық ұрылған балалар ертең кісі өлтіргіш болып кетпейді. Бұл жерде біз қайтадан адам физиологиясын қарастыруымыз керек. Бұл адамдарда кішкентай кезінен тұлғалық құрылымында психотикалық бұзылыстар болуы мүмкін. Мысалы, мұндай адамдардың кішкентай кезінде эмпатиясы өте төмен болады. Сондай-ақ баланың өзін-өзі ұстауы өте төмен болуы мүмкін. Егер балада осы екі белгі болатын болса, міндетті түрде кішкентай кезінен бастап клиникалық психологқа апарған дұрыс", - деп кеңес берді психолог.
Оқи отырыңыз: Абьюзерге тән 8 белгі: өзіңізді тексеріңіз!
А. Жапатова