Психиатриялық, наркологиялық, лудоманияға қатысты есепте тұрғандарға кредит беру тәртібі қалай өзгеруі мүмкін? Бұл туралы депутат Ержан Бейсенбаев Мәжілістің жалпы отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымовадан сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мәдина Ерасылқызы, психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдарға және лудоманияға қарсы қарыз беруге тыйым салу бойынша ұсынымыңызды айтып берсеңіз. Кредит беру кезінде мұндай адамдарды тексеру қалай жүзеге асырылады?" - деді депутат Ержан Бейсенбаев.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған азаматтарға кредит беруді шектеу туралы ұсынысты қолдайтынын мәлімдеді.
"Қазір Азаматтық кодексте бұл тұлғаларға сот шешімі бойынша кредит беру шектеледі. Осыған қосымша нормативтік деңгейде бірқатар түзету дайындадық. Енді банктерде тәуекелдерді басқару жүйесі бар. Сол жүйе арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдары осы санатқа жататын азаматтарға "жоғары тәуекел" деген мәртебе қояды және кредитті шектейді. Бірақ ол азаматтар бойынша мәліметтің бәрі Кредиттік бюроның ішінде болуы керек. Лудомандар бойынша бұл жұмысты өткен жылдан бастап жасадық. Қазір барлық ақпарат Кредиттік бюрода жиналады. Олар арнайы тізім жасайды. Ол тізімге онлайн платформаларға соңғы 6 айда 300 мың теңгеден аса мөлшерде тұрақты ақша аударымдары бар азаматтарды кіргізеді", - деп жауап берді ол.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында қаржы нарығын дамыту бойынша заң жобасы қаралды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!