- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Психиатрияда есепте тұру...
Психиатрияда есепте тұру бала болашағына қалай әсер етеді?
2023 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша, Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығында 2425 бала есепте тұр. Баланың диспансерлік есепте тұруы болашақта оның өміріне қалай әсер етуі мүмкін? Бұл жайлы Massaget.kz тілшісіне Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының балалар психиатры Әлия Мәлікқызы айтып берді.
Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығында мамыр айындағы жағдай бойынша, 1883 бала (3-15 жас) және 542 жасөспірім (15-18 жас) есепте тұр.
Маман психиатрияда есепте тұрған балаға болашақта қандай шектеулер болатынын айтты.
"Біз диспансерлік есепке тек дәрігерлік-консультациялық комиссия (ДКК) арқылы ғана аламыз. Баланың ата-анасы бізге келісім жазып береді. Бірақ келісім жазбас бұрын біз ата-анаға бәрін түсіндіреміз. Мысалы, ер балаларды әскерге алмайды, кейін көлік айдай алмайды, себебі оған жүргізу куәлігін бермейді. Сондай-ақ жұмысқа орналасқан кезде психикалық денсаулық орталығынан анықтама сұрайды, ал ол кезде психиатрияда есепте тұр деп шығып тұрады. Яғни, есепте тұрған адам дәрігер бола алмайды, сабақ бере алмайды, әскери адам бола алмайды және т.б. Міне, осындай шектеулер бар. Мүгедектік алатын диагноздармен (ақыл-ой кемістігі, аутизм, шизофрения және т.б) баланы есептен шығармайды. Бала қайтыс болса немесе отбасы басқа қалаға көшіп, сол жаққа тіркелгісі келсе, сондай-ақ стационарда жатқан балаға психикалық сау диагнозы қойылса ғана баланы есептен шығарамыз. Алайда баланың толықтай жазылып шығатын кезі болмайды", - деді маман.
Әлия Мәлікқызы диспансерлік есепте тұрған балаларға қандай көмектер көрсетілетінін айтып өтті.
"Тегін ем және тегін дәрі алады. Мысалы, бізде есепте тұратын көп бала әлі күнге дейін дәретке өздері бара алмайды. Сондай балаларға мемлекет тарапынан тегін жөргек, тегін ортопедиялық аяқ киім және отбасыға әлеуметтік қызметкер беріледі. Мұндай қызметкер балаға қарамайды, анасына көмекші болады. Біз балаға мүгедектік тағайындалған кезде осы қажетті заттарды жеке оңалту жоспарына (ЖОЖ) жазып бере аламыз, сол кезде олар оны тегін ала алады. Бізде балаларға арналған күндізгі сауықтыру орталығы бар. Бұл жерде балалармен логопедтер жұмыс жасайды, онда бассейн бар және басқа да процедуралар бар. Есепте тұрған бала әлеуметтік қорғалған. Оларды интернаттарға алады.
Сонымен қатар, ата-аналарға мемлекет тарапынан бала күтіміне жәрдемақы беріледі. Шыны керек, ата-аналардың көбі бізге есепке тұрғысы келмейді. Бірақ, ақша жағынан қиналғандықтан, есепке тұрады. Содан соң балаға мүгедектік тағайындайды және сол ақшаны баланы оңалтуға жұмсайды. Көп ата-ана жәрдемақы төленсе, "жұмыс істемеуіміз керек па, жұмысқа кедергі келтірмей ма" деп уайымдайды. Олай емес, ата-ана қай жақта жұмыс жасаса да, баласы психиатрда есепте тұрса, оларға бала күтіміне жәрдемақы беріледі", - дейді балалар психиатры.
Балалар психиатры Әлия Мәлікқызы баланың психиатрияда есепте тұрғаны жайлы ақпаратты ешкімге бермейтінін ескертіп өтті.
"Біз ақпаратты ешкімге бермейміз. Біз, мысалы, damumed бағдарламасымен жұмыс істейміз, біз басқа мамандардың қорытындысын көре аламыз, бірақ олар біздікін көре алмайды. Баланың картасы бізде тұрады, ата-ананың қолына ешқандай қорытынды бермейміз. Тек ПМПК-ға және ата-ана басқа мамандардан мүгедектік тағайындағысы келген кезде сол мамандарға өзіміздің қорытындымызды береміз. Қалған кезде біздегі жазбаларды ешкімге бермейміз. Бала есепте тұр деп ешкімге хабарламаймыз. Психиатрия жабық мекеме", - деп түсіндірді ол.
Баланы неше жастан бастап үйде жалғыз қалдыруға болады? Психолог жауап берді.
А. Жапатова