- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Психиатр мен психологтың...
Психиатр мен психологтың қандай айырмашылығы бар?
Адам психикасы түрлі "жүктемелерді" көтере алады. Алайда адам күйзелісте ұзақ болса немесе ағзасында қандай да бір өзгерістер пайда болса, оған маманның көмегі қажет болуы мүмкін. Бірақ қандай маманның көмегіне жүгіну керек? Көпшілік психолог пен психиатрды шатастырады немесе екеуін бірдей мамандық санайды. Психиатр мен психологтың айырмашылығын Алматы қаласының психикалық денсаулық орталығының балалар психиатры Әлия Мәлікқызы түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Психолог
Психолог - жоғары психологиялық білімі бар маман. Психолог - дәрігер емес. Көпшілік психологтың медициналық білімі жоқ. Сәйкесінше, олар өз клиенттеріне дәрілер жазып бере алмайды. Психологтар ғылыммен айналысуға, білім беруге, тренингтер өткізуге, мамандық таңдауға көмектесуге, сенім телефонында жұмыс істеуге, адам қабілеттерін анықтауға, консультация беруге, ұсыныстар беруге құқылы.
"Мысалы, мектепте балада депрессия болса немесе оған өз-өзіне қол жұмсау жайлы ойлар келсе, олар психиатрға қаралу керек. Бірақ олар оны білмей, өз бетімен немесе ата-аналарымен психологқа барады. Бұл дұрыс емес. Бірінші психиатрға бару керек, бірақ олар психологқа барған жағдайда психолог маман оларды психиатрға жіберуі керек. Себебі бала мұндай жағдайда ем алуы керек. Қажет емді алып, баланың симптоматикасы басылған кезде, ол ары қарай психологпен жұмыс істей берсе болады", - дейді Әлия Мәлікқызы.
Психиатр
Психиатр - жоғары медициналық білімі бар маман. Психиатр - писхикалық бұзылыстары бар адамдарға консультация беріп, емдей алатын дәрігер. Олар ауыр да (мысалы, шизофрения), жеңіл психикалық ауруларды (депрессия, паникалық шабуыл) да емдей алады. Сондай-ақ психиатрлар өзіне қол жұмсағысы келген, ұзақ уақыт ұйқысыздықпен қиналатын, зақымнан кейін пайда болған бұзылысы бар және т.б адамдармен жұмыс істейді. Психиатр консультациясына жіберілген адам автоматты түрде есепке қойылмайды.
"Психиатр - психикалық ауытқулары бар адамдарды қарайды. Психиатрдың жоғары медициналық білімі бар. Сондықтан психиатр диагноз қояды және ем тағайындайды", - деді балалар психиатры Әлия Мәлікқызы.
Ажырасқысы келетін ерлі-зайыптыларға психологтан 5 кеңес
А. Жапатова