"Прораб, совхоз есепшісі, механик". 17 облыс әкімдерінің ең алғашқы мамандығы қандай болған?

"Прораб, совхоз есепшісі, механик". 17 облыс әкімдерінің ең алғашқы мамандығы қандай болған?

Бүгінде бүтін бір облысты басқарып отырған әкімдер жастық шақтарында еңбек жолын қарапайым маман болып бастаған. Бірі бокстан жаттықтырушы болса, енді бірі прораб болған. Massaget.kz тілшісі 17 облыс әкімдерінің ең алғашқы мамандықтары қандай болғанына шолу жасады. 

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев 2022 жылдың маусымынан облыс әкімі. Ол 1965 жылғы 4 мамырда дүниеге келген. Еңбек жолын 1987 жылы Семей қаласының "Казпромтехмонтаж" тресінде шебер, прораб болып бастаған. Артынша түрлі қызмет атқарған. Мысалы бір жылдары әкім орынбасары болса, енді бірде университет президентінің кеңесшісі де болған. Одан бөлек, 2017-2019 жылдары Алматы және Астана қалаларының Сәулет және қала құрылысы басқармаларын басқарған. 

Нұрлан Ұранхаев. Фото: Тұрар Қазанғапов

2019 жылғы наурызда Ақмола облысының әкiмi болып тағайындалған Ермек Маржықпаевтың ең алғашқы жұмысы - дене шынықтыру мұғалiмi, бокстан жаттықтырушы. Маржықпаев та еңбек жолында түрлі қызмет атқарған. Оның көбі мемлекеттік қызметпен байланысты. Яғни аудан әкімі, әкімнің орынбасары және тағы басқа қызметтер атқарған. 

Ермек Маржықпаев. Фото: Tengrinews.kz 

Ал Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов 1963 жылғы 13 мамырда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1988 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін, 1994 жылы Қазақстан Республикасының Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтын тәмамдаған. Мамандығы бойынша біліктілігі - заңгер.

Ал ең алғашқы қызмет жолын 1980 жылы Орал облысы Октябрь орман шаруашылығының жұмысшысы ретінде бастаған. Тоғжановтың бұған дейінгі еңбек жолы мемлекеттік қызметпен байланысты.

Ералы Тоғжанов. Фото: Тұрар Қазанғапов 

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев еңбек жолын 1997 жылы Салық бөлімінің заңды тұлғаларды тексеру бөлімінің бірінші санатты маманы болып бастаған. Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын, Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін тәмамдаған. Мамандығы - экономист-қаржыгер, заңгер, іскерлік әкімшілендіру магистрі.

Марат Сұлтанғазиев. Фото: gov.kz

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов 2000 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің экономикалық кибернетика факультетін экономист-математик мамандығы бойынша бітірген. Ол оқу орнын бітіре сала университетте оқытушы болып қызмет атқара бастаған. Артынша Батыс Қазақстан облыстық қоршаған ортаны қорғау қорының жетекші маманы болған. Айта кетейік, Шәпкенов министр қызметін де атқарған. Ол 2021-2022 жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған.


Серік Шәпкенов. Фото: primeminister.kz

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев оқу орнын "Заңгер" мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы қызметі де мамандығымен байланысты болған. Ол 1990-1995 жылдары ауылшаруашылығы бірлестігінің экономисті, бас экономисті болып қызмет атқарған. 

Нариман Төреғалиев. Фото: senate.parlam.kz

ШҚО әкімі Даниал Ахметов - Павлодар қаласының тумасы. Ол 1976 жылы жоғары оқу орнын бітіріп, еңбек жолын "Павлодар тұрғынқұрылыс" тресінде мастер болып бастаған. Артынша партия комитетінде нұсқаушы, партком хатшысы, әкімшілік басшысы және тағы басқа қызметтер атқарған.

Сонымен қатар, Ахметов Үкіметте де бірқатар қызмет атқарған. Мысалы 1999-2000 жылдары премьер-министрдің орынбасары болса, артынша бірінші орынбасары болды. Ал 2003-2007 жылдар аралығында Үкіметті басқарған. 2014 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысын басқарады. 


Даниал Ахметов. Фото: USTINKA.KZ

Бір жылға жуық уақыт бұрын құрылған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғали 1994 - 1997 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ғылыми қызметкері, ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, директордың орынбасары болып бастаған. Ол облыс әкімі қызметіне тағайындалғанға дейін Мәжіліс депутаты болған. 

Берік Әбдіғали. Фото: abai.kz

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды еңбек жолын 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданының "Келес" коммуналдық кәсіпорнында бастаған. Артынша 2000-2006 жылдары Қаржы министрлігінде, Президенттің Іс басқармасында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

Дархан Сатыбалды. Фото: елшілік

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров еңбек жолын совхоз бухгалтері (есепшісі) болып бастаған. Кейіннен түрлі мекемелердің директоры болып, 2008 жылдан бастап әкім бола бастаған. Яғни сол жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының әкімі болып тағайындалған. Ал СҚО әкімі болып былтыр 1 желтоқсанда тағайындалған болатын. 


Айдарбек Сапаров. Фото:gov.kz

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов еңбек жолын 2000 жылы банк секторында бастаған. Ол Еуропа қайта құру және даму банкінің (EBRD) офисі Қазақстанда жүзеге асырған Қазақстанның шағын бизнесі бағдарламасы бойынша бастаған. Байханов Екібастұз қаласындағы кредит сарапшысы ретінді тағылымдамадан бастап, EBRD Бағдарламасының Алматы қаласындағы бас офисінің жаңа банк продуктілерін енгізу бөлімінің басшысына дейін қызмет атқарған. 

Асайын Байханов. Фото: primeminister.kz

Ал Маңғыстау облысының басшысы Нұрлан Ноғаевтың ең алғашқы жұмысы - электрмонтер. Одан бөлек, Ноғаев еңбек жолының алғашқы жылдары Мәскеу қаласында мұнай өнімдері жөніндегі аға сарапшысы болған. Ал әкімдіктерде 2007 жылдың қыркүйегінен бастап істей бастаған. Сол жылы Нұрлан Ноғаев Батыс Қазақстан облысы әкімінің экономика, қаржы және мұнай-газ секторы мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары болды. 

Одан бөлек, Ноғаев 2019-2021 жылдар аралығында Энергетика министрі болған.

Нұрлан Ноғаев. Фото:gov.kz

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ең алғаш мұнай және мұнай өндірісі сарапшысы болып бастаған. Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, Қазақ гуманитарлық заң университетін бітірген. Бүгінде ресми сайттағы мәлімет бойынша, РФ Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының 3 курс докторанты.


Нұрлыбек Нәлібаев. Фото: Қызылорда әкімдігінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысының басшысы Нұржан Нұржігітов еңбек жолын 1991 жылы Жуалы ауданы Максим Горький атындағы колхозда механик болып бастаған. Әр жылдары Төле би атындағы агробірлестіктің бас инженері, Жуалы ауданы әкімі аппаратының маманы, бас маманы, бөлім меңгерушісі, Жуалы ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының бас инспекторы, бөлім меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 


Нұржан Нұржігітов. Фото: egemen.kz

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев 1996 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. Алғашқы жұмысы мамандығымен байланысты болған. Яғни 1996 жылы "Казкоммерцбанк" ААҚ Теміртау филиалында экономист қызметінен бастаған.


Ермағанбет Бөлекпаев. Фото: karaganda-region.gov.kz

Жаңа Жетісу облысының басшысы Бейбіт Исабаев әртүрлі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. "Өркен" - "Горизонт" газеттерінің бас редакторы, Қазақ мемлекеттік телерадио кешенінің бас директоры болған. Сонымен қатар, Алматы қаласы әкімшілігінде басшылық қызметтер де атқарған. 

Бейбіт Исабаев. Фото: ашық дереккөздерден

Қарағанды облысының әкімі Құмар Ақсақалов 1987 жылы В.П.Горячкин атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң инженерлерi институтын инженер-механик мамандығы бойынша тамамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты. Ең алғаш кеңшарда бас инженер болған.

Облыс әкімі қызметіне былтыр 1 желтоқсанда кіріскен болатын. 


Құмар Ақсақалов. Фото: Tengrinews.kz

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина