- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Прокурордың экс-орынбасарына шыққан...
Прокурордың экс-орынбасарына шыққан сот үкімі түбегейлі өзгеріп кетті
Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы аудандық прокурордың бұрынғы орынбасарына қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіпте қайта қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірінші сатыдағы соттың үкімі бойынша Т. прокурордың өзгерткен айыбы бойынша ҚК-нің 104-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Марқұм Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары болған.
Маңғыстау сотының апелляциялық алқасы істі қарады: прокурордың экс-орынбасары сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.
"Істі зерттеудің нәтижелері бойынша төмендегі жайт анықталды. Т.-нің ісі ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа берілген ("Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру"). Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы-прокурор айыптауды онша ауыр емес жазаға – ҚК-нің 104-бабы 1-бөлігіне өзгерткен ("Абайсызда адам өліміне әкеп соғу"). ҚПК-нің 337-бабы 7-бөлігіне сәйкес, егер прокурор айыпты өзгертсе, жәбірленуші бұрынғы айыптауды талап етпесе, сот істі жаңа айыптау бойынша қарайды", - делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот отырысының аудио-бейне жазбасынан соттың айыптауды өзгертуге қатысты жәбірленушінің ұстанымын түсіндірмегені байқалады. Сот жарыссөзі барысында жәбірленуші ұсынылып отырған жазаға қатысты прокурормен келіспеген.
Сонымен қатар прокурор заң талабына сай айыптың жаңа уәжді тұжырымын жазбаша түрде ұсынбаған.
"Істің мән-жайына сүйене отырып, жанжал кезінде сотталушы Т.-ның жәбірленуші М.-ның жамбас тұсынан тепкілеп, басынан жұдырықпен ұрғаны анықталды. Салдарынан жәбірленуші құлап, есін жимай, алған жарақатынан қайтыс болған. Т.-нің кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасымен бірінші сатыдағы соттың үкімінің күші жойылып, жаңадан айыптау үкімі шығарылып, Т. ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігі (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - делінген хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан