Прокурор Мәсімовтің інісін 13 жылға соттауды сұрады

Прокурор Мәсімовтің інісін 13 жылға соттауды сұрады
Фото: gov.kz

Прокурор Павлодар облысы полициясының экс-басшысы Нұрлан Мәсімовті 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

3 тамызда Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, ҰҚК-ның экс төрағасы Кәрім Мәсімовтің немере інісі Нұрлан Мәсімовке қатысты сот процесінің жарыссөзі өтті.

Прокурор Азамат Ғарифолла генерал Мәсімовті 13 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сонымен қатар Алакөл жағасындағы үйін тәркілеп, 16 миллион теңгені бюджетке қайтаруы керегін айтты. Бұған қоса, өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетіп, "Айбын" орденінен айыруды ұсынды.

Айта кетейік, Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал-майор Нұрлан Мәсімовке "орынбасары Дәмир Сиразидимовпен бірге үлестес компанияға 423 миллион теңгенің тендерін алып беріп, сол үшін 90 миллион теңгеден артық пара алған" деген айып тағылып жатыр.

Кәрім Мәсімовтің немере інісі былтыр қыста өзіне қарсы қылмыстық іс қозғалған соң ізін жасырып үлгерген. Оған халықаралық іздеу жарияланып, ол туралы ақпарат берген адамға 12 миллион теңге сыйақы да тағайындалған. Кейін Қазақстан шекарасынан жасырынып өтіп, Ресейге барған жерінде қолға түсті. Айтпақшы, бұған дейін сот отырыстарының бірінде Нұрлан Мәсімов ел Президенті Тоқаевтан көмек сұрап, өзінің жазықсыз жапа шегіп жатқанын мәлімдеген еді. Сот үкімі жақын күндері шығады.

Е.Базарқұл

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан