Қырғызстанда 2019 жылы тамызда болған Қой-Таш ауылындағы тәртіпсіздік бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Айыптаушы тарап экс-президент Алмазбек Атамбаевты 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kg басылымына сілтеме жасап.
Прокурор Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тоғызыншы қызметінің бұрынғы қызметкері Қанат Сағымбаевқа да осынша жыл сұрады. Бұл істің тағы үш қатысушысын 10 жылға бас бостандығынан айыру сұралды.
Басылым мәліметінше, 2019 жылы 7 тамызда МҰҚК арнайы күштері Қой-Таштағы Алмазбек Атамбаевтың резиденциясын шабуылмен алуға тырысқан болатын. Келесі күні ІІМ және МҰҚК жалпы күштерімен резиденция иесін ұстау бойынша тағы бір арнайы операция жүргізілді. Олар Қой-Таштан Алмазбек Атамбаевты алып шықты. Дегенмен жақтастары қауіпсіздік қызметкерлеріне тас лақтырып, дөңгелектер мен қоқыстарды өртей бастады. Екі күндік қақтығыста 136 адам зардап шекті. Арнайы жасақтың бір қызметкері оқ жарақатынан мерт болды.
Қырғызстанның бұрынғы басшысына қатысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды, соның ішінде Қой-Таш ауылындағы тәртіпсіздік, сыбайлас жемқорлық және қылмыстық кірісті заңдастыру деректері бар. Сондай-ақ, оған Түркия азаматтарына төлқұжаттарды заңсыз берді және 2020 жылғы қазандағы тәртіпсіздікті ұйымдастырды деген айып тағылды, бірақ сотталушы ақталды.
2023 жылдың басында Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев колониядан шықты. Сол кезде ол журналистерге өзіне қатысты барлық қылмыстық іс ойдан шығарылғанын мәлімдеді. Кейін Атамбаев Бішкектен Дубайға ұшып кеткені белгілі болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова