Нұр-Сұлтан қаласы №2 Сарыарқа аудандық сотында прокурор Бауыржан Шекенов бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевке қандай айып тағылғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Біртановқа медициналық мекемелердің қызметін автоматтандыру және оларды басқару үшін ақпараттық жүйені - "Денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін ақпараттандыру және интероперабельдік платформасын" әзірлеу кезінде лауазымды өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Платформа азаматтарды медициналық мекемелерге тіркеу, дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, сондай-ақ, халыққа медициналық куәлік беру қызметтерін автоматтандыруды қамтамасыз етуге арналған.
Тағылған айып бойынша, 2015 жылғы желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігі хорватиялық Ericsson Nikola Tesla фирмасымен платформаны бір жылда әзірлеу үшін құны 17,8 миллион доллар болатын келісімшарт жасасқан. Платформаны әзірлеу республикалық бюджет және Дүниежүзілік банк қарыз қаражаты есебінен жоспарланған.
Алайда бір жылда платформа дайын болмаған. 2016 жылғы қазанда және 2017 жылғы маусымында Денсаулық сақтау министрлігі жеткізушімен келісімшарт мерзімін екі рет ұзартқан.
"Жеткізуші 2017 жылғы 1 қарашаға дейін платформа бойынша жұмыстарды аяқтай алмайтыны туралы ақпарат вице-министр Алексей Цой арқылы платформа жеткізушісінен келісімшарт сомасының 10 пайызы немесе 2 226 571 доллар мөлшерінде айыппұл санкцияларын өндіріп алу ұсынысымен жазбаша түрде Біртановқа берілген.
Министр Біртанов бюджет қаражатын игермегені үшін ел басшылығы алдындағы тікелей жауапкершілігінен қорқып, 2017 жылғы қарашада вице-министр Цойға орындалған жұмыстардың актілеріне қол қоюға және платформаны толық көлемде қабылдауға нұсқау берген", - деді прокурор сотта.
Тағылған айып мәліметтері бойынша, Цой министрдің бұйрығын орындаудан және аяқталмаған платформаны қабылдаудан бас тартқан. Нәтижесінде, бөлінген 2,9 миллиард теңге игерілмей қалып, мемлекеттік бюджетке қайтарылған. 2017 жылғы 1 қарашада платформаны жеткізу жөніндегі келісімшарттың және Дүниежүзілік банкпен келісімнің мерзімі өтіп кеткен, сөйтіп, келісімшартты ұзарту мүмкіндігі біткен.
Үкімет платформаны 2018 жылғы желтоқсанда іске қосу туралы шешім қабылдаған.
"Біртанов платформаны айтылған мерзімде аяқтауға республикалық бюджет қаражатынан қосымша 6,8 миллион доллар немесе 2,9 миллиард теңге бөлуге өтінім жіберуге шешім қабылдаған. (...)
2018 жылғы 6 маусымда өзінің заңсыз нұсқауларын мүлтіксіз орындату үшін Біртанов бұрын бірге жұмыс істеген танысының цифрландыру мәселелері бойынша денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына тағайындалуына ықпал еткен. Вице-министрдің міндетіне денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және оны цифрландыру бойынша жобаларды іске асыру кірген", - деп атап өтті прокурор.
Айыптаушылардың айтуынша, Біртанов өзінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, 2018 жылғы 5 қазанда №569 бұйрығымен аяқталмаған платформаны пилоттық түрде пайдалануға енгізген.
"Пилоттық түрде пайдалану Нұр-Сұлтан, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының 17 емдеу мекемесінде көзделген. Алайда іс жүзінде бұл медициналық ұйымдарда платформа пилоттық түрде пайдаланылмаған, өйткені оның жұмыстары аяқталмаған.
2018 жылғы 11 желтоқсанда Әбішев министр Біртановтың заңсыз нұсқауларын орындап, платформаның пилоттық түрде пайдаланылуын сәтті аяқтау туралы сертификат берген. Сонымен қатар, платформа бойынша барлық жұмыс орындалмаған, жеткізуші оның толық жұмысын қамтамасыз етпеген", - деді прокурор.
Ол 2018 жылғы 12 қарашада Біртанов болжалды орындалған жұмыстарды қабылдау және келісімшарт бойынша тиісті актілерге қол қою жөніндегі комиссия құру туралы бұйрыққа қол қойғанын, содан кейін 2018 жылғы 27 қарашада жазбаша бұйрық шығарғанын, онда комиссияға 2018 жылғы 5 желтоқсанға дейін платформаны қабылдауды қамтамасыз етуді міндеттегенін атап өтті.
"Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлері саналатын қабылдау комиссиясының мүшелері платформа дұрыс жұмыс істемейтінін білсе де, министр Біртанов пен Әбішевке бағынышты болып, екіншісінің қысымымен қабылдау комиссиясы отырысының 2018 жылғы 11 желтоқсандағы хаттамасына платформаның қабылдауға және одан әрі пайдалануға дайындығы туралы қол қойған. Бұл ретте платформаны қабылдау сынақтары іс жүзінде жүргізілмеген", - деді прокурор.
Дәлел ретінде прокурорлар 2018 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Әбішев пен Эриксон арасында платформаны аяқтау мерзімін 2019 жылғы 5 қарашаға дейін ұзартуға жасалған қосымша келісімді келтіреді.
"Біртанов пен Әбішев қосымша келісім олардың заңсыз әрекеттерінің дәлелі екенін, бұл 2018 жылы ақшаның игерілуіне кедергі келтіретінін білді, сондықтан олар мемлекеттік бағдарламаны іске асырудан бас тартқаны және бөлінген қаражаттың игерілмегені үшін жауапкершіліктен қашу үшін оның бар екені туралы ақпаратты әдейі жасырған", - деді прокурор.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі мен Цифрландыру және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі платформаны 2022 жылғы 31 тамызда ғана пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Оның айтуынша, платформа осы уақытқа дейін жұмыс істемейді.
Нәтижесінде, прокурорлар Біртанов пен Әбішевтің әрекеттері мемлекетке платформа бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға ақы төлеу түрінде аса ірі мөлшерде, яғни 4,1 миллион доллар шығын келтіргенін айтты. Бұл Ұлттық банктің 2018 жылғы 12 желтоқсандағы бағамы бойынша 1,5 миллиард теңге болады.
Жеке айыптау Елжан Біртановтың 2020 жылы пандемия басталған кезде санавиацияны қолдануына қатысты болып отыр.
"2020 жылғы 12 маусымда Біртанов Жамбыл облысында көмекшісі Шаяхметовпен қызметтік іссапарда жүргенде, Тараздағы қонақүй ғимаратында ПТР-тест тапсырған. Санитария авиациясының құпиялылығы мен одан әрі заңсыз пайдалану шарттарын сақтау үшін Біртанов жеке деректер ретінде "А.А. Нұров" деген ойдан шығарылған текті пайдаланған. ПТР тестінің нәтижелері теріс болған. Соған қарамастан, Біртанов Тараздан Нұр-Сұлтанға ұшуды ұйымдастыру үшін санитария авиациясының әуекемесін беру туралы заңсыз нұсқау берген", - деп мәлімдеді прокурор.
2020 жылғы 13 маусымда Біртанов Нұр-Сұлтанға ұшқан. Біртанов ұшып келген бойда "екі жақты полисегментті пневмония" диагнозымен елордалық инфекциялық орталыққа жатқызылған.
"Жамбыл облысының медициналық мекемелерінде 1 439 бос орын бар. Біртановты шұғыл тасымалдау және әуекемесін жеке мақсатта пайдалану қажеттілігі болған жоқ. Біртановты Тараздан Нұр-Сұлтанға тасымалдау тапсырмасы бойынша қызмет құны 5,5 миллион теңге болып отыр, бұл республикалық бюджет қаражатынан төленген", - деп қорытындылады мемлекеттік айыптаушы.
Айта кетейік, бүгін сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың экс-премьер-министр Асқар Маминді, вице-премьер Ералы Тоғжановты және екі министрді қорғаушы куәгер ретінде шақыру туралы өтінішін қанағаттандырды.