Прокурор Астанада Kaspi Bank-тегі адамдарды кепілге алу ісі бойынша Әлихан Мурадовты 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Прокурор Раушан Ақшураева соттан Әлихан Мурадовты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Мурадов жазасын орташа режимдегі колонияда өтеуі керек.
Жәбірленушілер талап етілген мерзіммен келісті. Мурадов кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініп, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Еске салайық, бұған дейін Kaspi.kz-тің Астанадағы бөлімшесінде ер адам бірнеше қызметкерді кепілге алғаны хабарланған болатын. Желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кейін Kaspi Bank өкілдері бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді. Олардың айтуынша, кепілге алынғандар арасында банкке келушілер жоқ.
Ішкі істер министрлігі өкілдері Kaspi Bank-те неше адам кепілде отырғанын мәлімдеді. Кейінірек ер адам 7 адамды кепілге алғаны белгілі болды.
"Ер адамның оқ өтпейтін жилет кигені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондай-ақ, оқиға орнында "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері жұмыс істеп жатқанын хабарлаймыз. Әскери қызметкерлер арнайы операцияға қатысқан жоқ. Біз азаматтарды ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырамыз", - деді ІІМ өкілдері.
Кейін кепілге алынғандардың сыртқа шығарылғаны, оқиға орнына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келгені хабарланды.
Тағы да оқи отырыңыз: Иіссудың жарамдылық мерзімі қандай?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз