- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Прокурор "Алтын орда"...
Прокурор "Алтын орда" базары директорының экс-орынбасарын 5 жылға соттауды сұрады
Алматы облысындағы "Алтын орда" базарының директорының бұрынғы орынбасары Ермек Марқабаевтың ісі бойынша сот отырысында жарыссөз өтті. Марқабаевтың қорғаушысы оның кінәсіз екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Былтыр маусым айында ұсталған Ермек Марқабаев 8 айдан бері тергеу изоляторында отыр. Оған қатысты Қылмыстық кодексінің 296-бабы, 4-бөлігі бойынша іс қозғалды. Әуелі Марқабаев "қару-жарақты заңсыз алып жүр" деген аноним хабарлама түскен. Ал кейін "қалтасынан химиялық ұнтақ зат табылды" деген күдікпен қамауға алынды.
Бұл іске қатысты 108 күнге созылған сот тергеуі аяқталды. Қарасай аудандық прокуратурасының прокуроры айыпталушы Ермек Марқабаевты бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
"Марқабаев психотроптық затты өзі қолдану үшін заңсыз сатып алып, тасып жүрді. Сот-химиялық сараптамалардың қорытындысына сәйкес, ол мефедрон болып шықты. Айыпталушының кінәсі, сонымен қатар, куәгерлердің мәлімдемелері деген сияқты материалдармен дәлелденеді. Оның қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелеріне қамауды сұраймын", - деді Қарасай аудандық прокуратурасының прокуроры.
Ал адвокат Динара Жұбатова сараптамаларда техникалық қате жіберілгенін айтты. Сондай-ақ Марқабаевтың қанында психотроптық зат табылғаны дәлелденбегенін және бұл істе қарама-қайшылықтар мен сорақылықтар өте көп екенін айтты.
Оның сөзінше, тергеуші жалған құжаттарды қолдан жасады. "Оның кінәсіз екенін толықтай дәлелдедік, оны ақтап алудан басқа шешім көріп тұрғанымыз жоқ" дейді.
"Аноним хабарламада "қару-жарақты Абай ауылындағы Абай көшесінде алып жүр" деп айтылған. Ал Марқабаевты Іргелі мейрамханасының жанында ұстады. Екеуінің арасы 2 шақырым. Бұдан бөлек кешке қалада кептеліс. Полиция қызметкерлері қалайша нақты сол жерге жетіп барды және дәл сол маркалі көлікті тоқтату керегін қалай түсінді? Сонымен қатар аноним хабарлама сотқа дейінгі тергеуді бастауға негіз бола алмайды. Марқабаев ұсталған бетте адвокат талап етті, бірақ оған полиция қызметкері "тым кеш" деп жауап берді. Бұл оның құқығын шектеу ғой", - дейді адвокат Динара Жұбатова.
Бұған дейін де адвокаттар сот отырыстарында қорғалушысының кінәсіз екеніне көз жеткізетін дәлелдерді айтқан. Ал Марқабаевтың жұбайы әрі қоғамдық қорғаушысы "прокурор өз тарапынан бірде-бір нақты дәлел келтірмеді" дейді.
"Прокурорға бір ғана сұрағым бар. 5 жыл бас бостандығынан айыру керек деп шешімді неге сүйеніп қабылдады? Әр отырыста қорғаушылардың келтірген дәлелін естіді. Оны бәріміз де естідік. Ақыры осындай жазаға лайық санаса, нақты дәлелдері қайда? Мен объектив шешім қабылданғанын сұраймын", - дейді Роза Марқабаева.
Ал Марқабаевтың жақындары оны ешқашан заң бұзбаған үлгілі азамат екенін айтып отыр. Оның мұндай қылмысқа баруы мүмкін емес дейді. Олар соттың әділ шешім қабылдағанын күтіп отыр.
"Ағам шын мәнінде кінәлі болса, осыншама халық оны қолдап келмейтін еді ғой. Біз екеуіміз бірге өстік. Оның тек түзу жолмен жүріп, қандай тәртіпті адам екенін мен жақсы білемін. Оған жала жабылып отыр. Сондықтан оны тез арада босатып, ақтап шығарғанын сұраймыз", - дейді Болат Марқабаев.
Судья тараптарды тыңдап, кеңесу бөлмесіне шығып кеткеннен кейін жауабын 5 ақпан күні айтатынын жеткізді.
Еске салайық, 2023 жылғы 3 маусымда Алматы облысындағы "Алтын орда" базары директорының орынбасары ұсталғанын хабарлаған едік. Ол 2 маусымда қамауға алынған.
Алматы облысы Қарасай ауданының полиция қызметкерлері сол кезде Алматы - Бішкек автожолында BMW автокөлігін тоқтатқан.
Тінту барысында автомобиль жолаушысынан ерекше иісі бар ақ ұнтақ зат, сондай-ақ басқа жолаушыдан МК-471С травматикалық тапаншасы тәркіленгені хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан