Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында Алматы қала құрылысы басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджановтың ісі бойынша жарыссөз өтіп жатыр. Прокурор қаланың бұрынғы бас сәулетшісін 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұрынғы бас сәулетші Алмасхан Ахмеджанов пен жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов Алматының таулы аймақтарында жеке тұрғын үй салуға арналған жерге ірі тұрғын үй кешендерін салуға рұқсат беріп, құжаттарын бекітіп, кадастрлық құнын төлеуді айналып өткен деп айыпталып отыр.
Сонымен қатар тұрғын үй кешенінде қабаттардың саны мен ғимараттың тығыздығы бойынша көптеген заң бұзу деректері анықталды. Тергеушілердің айтуынша, Ахмеджанов мұның орнына аталған тұрғын үй кешендерінен туыстарына пәтер алған.
Тергеу Ахмеджанов Алматының жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетовпен бірлесіп, медициналық орталық, халыққа қызмет көрсету орталығы және сауықтыру орталығы сияқты болжамды инвестициялық жобаларға мемлекеттік қордан жер бөлген деп отыр.
Прокурор жарыссөз кезінде сотталушылардың жас балаларының болуы жазаны жеңілдететін, ал ауырлататын мән-жай ретінде анттың бұзылғанын атап өтті.
"Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 337-бабын басшылыққа ала отырып, Ахмеджанов Алмасхан Тілеуханұлын Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі 190-бөлігі 4-бөлігі, 361-бабы 1-бөлігі және 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп тануды сұраймын. 28-бап 5-бөлім бойынша 10 жылға бас бостандығынан айыруды, мүлкін тәркілеп, қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұраймын. 361-бап 1-бөлім бойынша 2 жылға, осы баптың 4-бөлігі бойынша 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық құқықбұзушылықтардың жиынтығы бойынша жазаларды ішінара қосу арқылы орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, 12 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза түпкілікті тағайындалсын", - деді прокурор.
Сондай-ақ прокурор Алматы жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетовті 189-бабы 4-бөлім 2-тармақ, 28-бөлім 5-бөлім және 190-бөлім 4-бөлім бойынша кінәлі деп танып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лес