- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Прокуратура неге Репродуктив...
Прокуратура неге Репродуктив институт ғимаратын мемлекет меншігіне қайтару ойынан айнып қалды?
Қадағалау органы институттың үстінен тағы да сотқа шағым түсіре ме деген сауалға прокуратура жауап бермеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Bes.media-ға сілтеме жасап.
Алматы прокуратурасы мегаполистің орталығында – Төле би көшесі, 99 мекенжайында орналасқан Репродуктив медицина институтының ғимаратын мемлекет меншігіне қайтаруға әрекеттенген, бірақ аяқ асты себебін түсіндірместен өз талап-арызын қайтарып алды.
Мәселенің мән-жайы
Алматы прокуратурасы
- қала әкімдігін;
- Алматы қаласы әділет департаментін;
- "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясын;
- "Репродуктив медицина институты" ЖШС-ін сотқа берді.
Қадағалау органы әкімдіктің қаулысын және қайта тіркеуін заңсыз деп тануды, сонымен қатар әкімшілік ғимаратты мемлекет меншігіне қайтаруды талап етті.
Дау мәні неде?
Сотта нақты қандай ғимаратқа пен оған қатысты қай құжаттар туралы айтылғанын анықтау мүмкін болмады, өйткені біраз уақыттан кейін прокуратура талап арызды қараусыз қалдыру туралы өтінішпен жүгінді.
Сот өтінішті қанағаттандырды.
BES.media редакциясы прокуратураның нақты нені мемлекетке қайтаруға әрекеттенгенін және талап арызды қайтарып алудың себебін анықтау үшін оларға сауал жолдады.
"Әкімшілік ғимаратты тапсыру жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы талап-арыз қайтарып алынды (Репродуктив медицина институтының ғимараты; мекенжайы: Төле би көшесі, 99). Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 279-бабына сәйкес талапкер сотқа берген арызы негізінде өз талабынан бас тартуға құқылы. Осы баптың ережелерін басшылыққа ала отырып, Алмалы аудандық прокуратурасы процессуалдық бұзушылықтарды анықтауға байланысты талап арызды қайтарып алды", - деп хабарлады прокуратура BES.media сауалына берген жауабында.
2ГИС-тан алынған cкриншот
Прокуратура тағы да сот ісі қайталана ма, неліктен Алматының қақ ортасындағы ғимараттың құқығын талап етпек болғаны туралы сұрақтарға жауап бермеді.
BES.media редакциясы да түсінік алу үшін Репродуктив медицина институтына хабарласты, бірақ баспасөз қызметі сауалды жауапсыз қалдырды.
Бұл қандай институт?
Репродуктив медицина институты бедеуліктің әртүрлі түрін емдеумен айналысады. Бұл бұрыннан бар институт, оның негізінде Қазақстандағы тұңғыш экстракорпорал ұрықтандыру зертханасы құрылған. Оның үш филиалы бар: екеуі Алматыда және біреуі Шымкентте.
Институттың маңында орналасқан ғимараттар: Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті (Төле би көшесі, 94) және қалалық кардиологиялық орталық (Төле би көшесі, 93) жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері боп есептеледі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан