- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Прокуратура: Fly Arystan...
Прокуратура: Fly Arystan балалар билетін қымбатқа сатқан
Fly Arystan әуе компаниясы балалар билетін ересектердікімен бірдей бағада сатқаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Алматының Авиациялық көлік прокуратурасы жолаушылар құқығын сақтау мәселесі бойынша Fly Arystan АҚ әуе компаниясының қызметіне тексеру жүргізді. Тексерудің нәтижесінде әуе компаниясы халықаралық рейстерге билеттерді сату кезінде 2 жастан 12 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жолаушыларға арнайы 50% жеңілдіктерді қолданбаған", - делінген хабарламада.
Прокуратураның хабарлауынша, 2022 жылғы қаңтарынан қазан аралығында халықаралық бағыттар бойынша стандартты тарифтер бойынша 3 мыңнан астам кәмелетке толмағандар тасымалданған.
Прокуратураның ұсынуы негізінде Азаматтық авиация комитеті әуе компаниясына қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 571-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Жиналған материалдар Алматының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әуе компаниясын 2023 жылғы 16 ақпанда әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылданды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан