Прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатыр

Прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтаруға әрекет жасап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы Бостандық аудандық соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ, онымен байланысты ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы Алматы прокурорының талап арызы бойынша азаматтық іс қозғады.

2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару дерегін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді.

Талдау барысында Jusan тобының активтерін басқару құрылымын өзгертудің көлеңкелі схемасы анықталды.
Бұл схеманы жүзеге асыру нәтижесінде топтың қызметін бақылау құзіреті шетелде тіркелген ұйымдарға өтеусіз берілген.

Атап айтқанда, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі Pioneer Capital Invest ЖШС-ның қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies Ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған.

Бұл әрекеттер қоғамдық мүдделерге, оның ішінде "Назарбаев Университеті" мен "Назарбаев Зияткерлік мектептерінің" ондаған мың қазақстандық студенті мен оқушыларының мүдделеріне қауіп төндірді. Себебі "Jusan" тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері бұл оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі.

Бұдан бөлек, 2023 жылғы 3 ақпанда Бас прокуратураға бірқатар субъектінің құқыққа қарсы әрекеттерінің салдарынан Jusan тобы шетелдік мемлекеттер азаматтарының бақылауына өтіп кету дерегі бойынша прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау туралы "Назарбаев қорының" арызы келіп түсті.

Осылайша, прокуратура органдарының мақсаты - тек әділеттілікті қалпына келтіріп, "Jusan" тобының активтерін басқаруды Қазақстанның құзырына қайтару.

Сонымен қатар, бұл талап арыз Jusan Bank-тің жұмысына қатысты емес, яғни оның қызметіне, сондай-ақ, банктің клиенттері мен іскерлік серіктестіктерімен өзара іс-қимылына шектеу қоймайды. Істің сотта қаралуы Jusan Bank-тің жұмысына әсер етпейді, ол қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыратын болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!