Прокрастинация: ертең істей саламын деген әдеттен қалай құтылуға болады?

Прокрастинация - көп адамдарда кездесетін, бірақ сирек мойындалатын құбылыс. Бұл психологиялық құбылысқа шалдыққан жандар маңызды істерді кейінге шегеріп, шұғыл істерге емес, уақытша рахат әкелетін әрекеттерге ғана назар аударады. Жеңіл нәрсе болып көрінгенімен, бұл әдеттің адам өміріне келтіретін зияны да бар екен. Бұл туралы психолог Ұлмекен Сәндібекқызы түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Прокрастинация" сөзі латын тіліндегі "procrastinatio" сөзінен шыққан, яғни екі бөліктен тұрады: "pro"(алға) және "crastinus" (ертеңгі) дегенді білдіреді. Тура аудармасы бойынша "ертеңге қалдыру" деген мағынаны береді. 

Бастапқыда бұл термин ғылыми әдебиетте сирек қолданылған, бірақ уақыт өте келе психологияда кеңінен таралып, адамдардың іс-әрекетін зерттеуде маңызды ұғымға айналды.

Кімдерде жиі кездеседі?

Психолог бұл жағдайдың қалай пайда болатынын және жасөспірімдерде жиі кездесетінін айтты.

"Прокрастинация - жинақталған жұмыстарға адамның эмоциялық реакциясы. Көбіне жасөспірімдерде және 14-29 жас аралығындағы жастарда жиі кездеседі. Прокрастинация көңіл күйдің үнемі түсіп жүруінен пайда болады. Созылмалы күйзеліс әсерінен пайда болады. Жасөспірім шақтан қалыптасады", - деді маман. 

Салдары мен кері әсері

Маман көп адамның прокрастинациялық реакция беруі қалыпты жағдайға айналып кеткенімен, келешекте келтіретін кері әсерлері де бар екенін айтты. 

"Мұндай құбылысты қалыпты жағдайға айналдырып алған жандардың басты себебі - уақытты шексіз деп ойлау, қадам жасаудан қорқыныш, күнделікті өмірін жоспарлай алмау, мотивациясы төмен, белгілі мақсатының болмауында. Олар сәтсіздіктен қорқуы мүмкін. Бұл адамның денсаулығы мен психологиялық күйіне зиянын алып келеді. Мазасыздық, қобалжу, ұйқысыздық сияқты күйлерге алып келеді. Адам тығырыққа тіреледі. Күйзеліс пен стреске тез түседі", - деді психолог. 

Қалай арылуға болады?

Ұлмекен Сәндібекқызы прокрастинацияны көбі перфекционизммен шатастыратынын айтты. Алайда бұл екі ұғым өзара ұқсас болғанымен, айырмашылығы бар дейді ол. Сондай-ақ прокрастинациядан қалай құтылуға болатыны жайлы түсіндіріп берді.

"Перфекционизм - адам берілген тапсырманы кеш болса да орындайды, бірақ оған көп энергияны жаратады. Ал прокрастинацияда үнемі іс ертеңге қалдырылады. Ұқсастығы - бастаған істі кешіктіріп, белгіленген уақытта аяқтамауға бейімділігі. Қазіргі сәтте қай істі артқа қалдырып жатқаныңызды ең алдымен түсіну керек. Мүмкін сізді қызықтырмайтын іспен айналысқандықтан ертеңге қалдырып жатқан боларсыз. Сондықтан бұл өмірден сіз не күтесіз? Не нәрсеге қол жеткізуді ойлайсыз? Осы сұрақтарға жауап іздеңіз. Күніңізді жоспарлауды қолға алыңыз. Ортаңыздан қолдау, мотивация іздеңіз. Физикалық және эмоциялық күйіңізге көп көңіл бөліңіз. Психолог маманның көмегіне жүгіну - бұл құбылыстан тез шығуға ықпал етеді", - деді маман. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!