2017 жылғы 1 қаңтардан бастап прокатқа шығатын барлық фильмдердi қазақ тiлiне аудару мiндеттелуi мүмкiн. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiсте мәдениет мәселелерi бойынша заң жобасын талқылау барысында белгiлi болды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
2017 жылғы 1 қаңтардан бастап прокатқа шығатын барлық фильмдердi қазақ тiлiне аудару мiндеттелуi мүмкiн. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiсте мәдениет мәселелерi бойынша заң жобасын талқылау барысында белгiлi болды, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
Заң жобасында атап көрсетiлгендей, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап прокатқа шығару мақсатында елге әкелiнетiн барлық фильмдерге қазақ тiлiнде кадрдан тыс аударма және субтитрлер түрiндегi аударма немесе дубляж жасалуы тиiс. Осы түзетудi ұсынған депутат Шаймардан Нұрымовтың айтуынша, заңның бұл нормасы 2012 жылдан берi күшiнде болса да, жұмыс iстемей келедi, себебi фильмдердi дубляждау көп шығынды қажет етедi. Сондықтан елiмiзде тек кейбiр фильмдер ғана дубляждалады, ал көптеген кино туындылар қазақ тiлiне мүлде аударылмай қалып жатыр. Кадрдан тыс аударма дубляждауға қарағанда әлдеқайда арзанға түседi, яғни заң нормасын орындауға мүмкiндiк туады.
«Бұл өте күрделi мәселе. Заңның осы нормасы жұмыс iстемейдi. Бiрiншiден, авторлық құқық деген бар. Екiншiден, бұл айтарлық шығынды қажет ететiн норма. Сондай-ақ, iрiктеу талаптары да қиындау. «Болашақ» бағдарламасы бiрнеше жылдан берi фильмдердi қазақ тiлiне аударып келедi. Бiрақ өте аз», - дедi осы норманы талқылау барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлiгiнiң өкiлi Ақтоты Райымқұлова.
Өз кезегiнде «Арман» киножелiсiнiң директоры Бауыржан Шүкенов ұсынылған үш аударманың бiреуiн мiндеттеудi ұсынды. Әрiптесiн «Меломан» желiсiнiң бас директоры Вадим Галенко құптады.
«Франция тәжiрибесiн пайдалануды ұсынамын. Бұл елде фильмдер француз тiлiне дубляждалады, сондай-ақ субтитр түрiндегi аударма да болады. Францияда субтитрсiз шет тiлдегi фильмдi көрсетуге тыйым салынған. Субтитр арзанға түсетiн аударманың жолы. Сондықтан мен фильмдерде қазақ тiлiндегi субтитрлар болуы қажет дегендi қосуды ұсынамын», - деген пiкiрiн бiлдiрдi Рашид Нұғманов.
Айта кетейiк, кейбiр заңнамалық актiлерге мәдениет мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобасына депутаттар бастама болған. Бекболат Тiлеухан жетекшiлiк еткен жұмыс тобының бүгiнгi алғашқы отырысына мемлекеттiк орган қызметкерлерiмен бiрге қоғамдық бiрлестiктер, үкiметтiк емес ұйымдардың өкiлдерi, сарапшылар жиналып, талқылауға қатысып, өз ұсыныстарын жеткiздi.
Дереккөз: baq.kz