Приозерскіде сарбаз әскери қызметінің аяқталуына екі апта қалғанда өзін атып өлтірді

Бүгін, 14 қазанда Приозерск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі әскери қызметші қарауыл қызметінде міндеттерін орындаған уақытта бекітілген қаруынан басына оқ атқан, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Аталған оқиға әскери қызмет өткерумен байланысты емес. Алдын ала ақпарат бойынша сарбаз отбасылық-тұрмыстық жанжал негізінде өз-өзіне қол салған. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.

Баспасөз қызметі сарбаздың белгіленген әскери қызметінің аяқталуына екі апта қалғанын атап өтті.

"Құрлық әскерлерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. Оның жақындарына қажетті көмек көрсетіледі", – делінген хабарламада.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз