Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің "Вагнер" жеке әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожинді жерлеу рәсіміне қатыспайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Президент қатыспайды", - деді ол. Песков Кремльде жерлеу туралы нақты ақпарат жоқ екенін айтты.
"Бұл бойынша шешімді туыстары мен жақындары қабылдайды. Мұнда оларсыз ештеңе айта алмаймыз", - деді Кремль өкілі.
Бір күн бұрын Песков журналистерге Кремльде Пригожинді жерлеу рәсімі қалай және қай күні өтетіні туралы ақпарат жоқ екенін айтқан еді.
Рәсімнің орны, уақыты және егжей-тегжейі туралы ақпарат соңына дейін жарияланбады. Жерлеуді күткен Пригожиннің жақтастары Ресейдің әртүрлі қаласындағы мемориалдарға гүл шоқтарын қойған.
29 тамыз күні кешке Пригожиннің баспасөз қызметі Telegram-дағы каналында "Вагнер" жеке әскери компаниясының негізін қалаушы Санкт-Петербургтегі Порохов зиратында жерленгенін хабарлады.
"Қоштасу жабық форматта өтті. Қоштасқысы келетіндер Порохов зиратына бара алады", - делінген хабарламада.
"Коммерсант" басылымының ақпарат көздерінің хабарлауынша, туыстарының айтуы бойынша қоштасу рәсіміне тек туыстары мен жақын достары қатысқан.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз