- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Президенттің сайлауалды бағдарламасында...
"Президенттің сайлауалды бағдарламасында мәдениет пен руханият саясатына басымдық берілді" - Жанарбек Әшімжан
Осыдан бір жыл бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасын халыққа таныстырған болатын. Онда елдің ортақ құндылықтары мен мәдениетінің дамуы туралы бірнеше ой айтылды. Бұл жұмыстар бүгінгі таңда қалай жүзеге асырылып жатыр? Massaget.kz тілшісі осы сауалдың төңірегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанмен сұхбаттасып көрді.
- Жанарбек мырза, Президенттің сайлауалды бағдарламасында "Ортақ құндылықтар мен мәдениет" те қозғалған еді. Бұл мәселелер қаншалықты өзекті?
- Президенттің сайлауалды бағдарламасында мәдениет пен руханият саясатына басымдық берілді. Осы бағдарламаның негізінде заң шығарушы органның алдына қойған бір міндет – Масс-медиа туралы заңды сапалы деңгейде қайта қарап қабылдау. Қазіргі таңда мен дәл осы заң жобасының жетекшісімін. Бұл менің айтып өтетін бірінші бағытым. Себебі Президент ақпараттық саясаттың тиімділігін жүзеге асыру, ақпараттық кеңістікті реттеу, журналистердің жұмыс істеуіне қолайлы заң жобасын жасау бағытында нақты тапсырмалар берді.
Екінші кезекте, мемлекет басшысы "Креативті индустрияны дамыту" деп сайлау алды бағдарламасында да, одан кейін Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда да айтып өтті. Осы орайда ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы өтетін киножобаларды, мултипликациялық фильмдерді жүзеге асыру барысында нақты міндеттер қойылған. Бұл жобаны қадағалайтын негізгі мемлекеттік орган Мәдениет және ақпарат министрлігінде құрылған комиссия бар. Биыл өндірісте ұлттық киноны қолдау орталығы арқылы қаржыландырылатын 100 жобаның ішінен 20 фильм таңдалып алынды. Жалпы бюджеті 1,7 миллиард теңге. Оның ішінде 5 фильмді "Қазақфильм" киностудиясы, қалған 15 жобаны жекелеген компаниялар жүзеге асыруға міндеттелді. Қазіргі таңда "Бүркіт", "Қара қыз", "Айқай", "Тезек" сынды фильмдер көрерменге жол тартты.
- Комиссия тарапынан киножобаларға қандай талап қойылды?
-Біз таңдап алған туындыларда тарихи жобалар аз. Негізінен заманауи жобалар. Бірақ басым көпшілігі бірінші кезекте қазақтың менталитетіне, тұрмыс-тіршілігіне, дәстүр-салтына, ұлттық құндылықтарына бағытталған. Содан кейін қазіргі қоғамда дендеп бара жатқан, ұлттық болмысымызға шабуылдап жатқан түрлі мәдениеттер бар. Діннің ала-құлалығы, тілдің шұбарлығы секілді дендеген дертке қарсы тұратын, ұлтымыздың тамырына балта шаптырмауға қадам жасайтын киножобаларға басымдық бердік.
-Анимациялық фильмдер де қамтылған ба?
-Анимациялық фильмдерге келетін болсақ, ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында "Алтын адам" және "Еркетай" деген толықметражды анимациялық киножобалар бар. Бұдан бөлек балаларға арналған контенттердің санын арттыру мақсатында 2022 жылы "Қазақфильм" киностудиясы жанынан құрылған "Қазақ анимация" шығармашылық бірлестігі ашылды. Қазір кешенді жұмыстар істеліп жатыр. Биыл бұл жұмыстарға бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Анимациялық фильм жасау үлкен қаржы мен кәсіби мамандарды қажет етеді. Мен өзім осы бірлестіктің жұмысын арнайы барып бақыладым. Себебі жоғарыда айтып кеткен Қасым-Жомарт Кемелұлының креативті индустрияны дамытуға қатысты нақты тапсырмасын жүзеге асыратын осы бірлестік деп ойлаймын.
-Қазіргі қоғамдағы үлкен кемшілік ұлттық тәрбиеде болып тұр...
- Балалар контенті – бұл тек мултипликация ғана емес баспасөзге де, ютубқа да, радиобағдарламаларға да қатысты дүние. Мәселен бір ғана мысал: "Балдырған" және "Ұлан" басылымын оқымаған бала есейгенде "Ана тілі", "Егемен Қазақстан" секілді үлкен басылымдарды оқиды деп айта алмаймыз. Сондықтан балалар контентіне басымдық берілуі тиіс. Қазіргі қоғамдағы үлкен кемшілік ұлттық тәрбиеде болып тұр. Сол себепті балалардың арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық, тарихи-этнографиялық, дәстүр-салтымызға қатысты мультфильмдердің қатарын молайту маңызды. Әлеуметтік желілерде, телеарналарда жүзеге асырылған жобалар, сондай-ақ жекелеген жобалар да балалар контентіне бағытталуы тиіс. Тіпті балаларға арналған жеке кинотеатр салсақ та артық етпейді.
Қазір "Балалар әдебиеті" деген үлкен жобаны қолға алдық. Мәдениет және ақпарат министрлігіне арнайы міндеттер қойылған. Жазушылар одағымен, баспалармен бірлесіп жұмыстар жүзеге асып бастады. Бұл жобаның қандай маңызы бар десеңіз мектеп кітапханаларында 130 миллионға жуық кітап болса әдеби кітаптар саны жоқтың қасы. Сол себепті мемлекет басшысы балалар әдебиеті деген үлкен мәселені жолға қойды. Қазір басылып шыққан кітаптарды Оқу ағарту министрлігі және ғылым және жоғары білім министрлігімен бірігіп мектеп кітапханаларына жеткізу, оның оқылымдылығын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.
- Қасым - Жомарт Тоқаев "Мемлекеттік тілдің одан әрі дамуын және күнделікті өмірдегі қолданысын ынталандыратын боламыз", - деген еді. Тілдің төңірегінде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
-Мемлекеттік тіл – біздің әрқайсымыздың жүрек түкпіріндегі ең негізгі мәселеміз. Әрине, бұл өте нәзік нәрсе. Қалай болғанда да қоғамды біріктіретін ең негізгі фактор "мемлекеттік тіл" болуы тиіс деп есептеймін. Осы қазақ тілінің төңірегінде Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстар, дүниетаным, саяси мақсат-мұраттарды ойлаған азаматтар, ғылымымыз да, біліміміз де, жаңа нанотехнология да, қоғамдық өмірімізге еніп жатқан жаңа медиа болсын, әлеуметтік желілердегі белсенді адамдардың барлығы дәл осы мемлекеттік тілдің маңайында біріксек біз алмайтын асу жоқ. Әсіресе үкімет құрамындағы министрліктер осы бағытта ұстанымын біртіндеп көрсетіп келе жатыр. Мемлекет басшысының айқын тапсырмаларының бірі осы болса керек.
- Президент ұлттық тәрбиеге баса назар аударғаны байқалады. Қазіргідей жахандану заманында ұлттық тәрбиені жандандыра аламыз ба?
- Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында ең басым бағытты ұлттың тәрбиесіне, жастар саясатына, дәстүр-салтқа бұрды ғой. Әрине, әлеуметтік салаларда, экономикалық бағыттарда үлкен бағдарламалар бар. Алайда бұлардың негізгі бастамашысы, темірқазығы бұл біздің ұлттық құндылық пен ұлттық тәрбие. Осы орайда мемлекет басшысының тағы бір айтқан сөзі зиялылар жауапкершілігі. Шығармашылық одақтардың алдына қойған басты міндеттердің бірі сапалылық пен кәсібилік тұрғыдан зиялылар өзінің жауапкершілігін қоғамның көшбасшылары ретінде сезіне білуі керек. Зиялылар тек Алматы мен Астанада немесе облыс орталықтарында тұрмайды ғой. Ауылды аузына қаратқан ақсақалдар да бар. Біз мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда басты жауапкершілік зиялылардың жауапкершілігі дегенді бір сәт естен шығармауымыз керек!
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Зинешов