- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Президенттің саясатын құрдымға...
"Президенттің саясатын құрдымға кетіреміз". Ермұрат Бапи заң жобасын сынға алды
Депутат Ермұрат Бапи "Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы" заң жобасын сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс отырысында депутат Магеррам Магеррамов заң жобасын таныстырып, баяндама жасаған болатын.
Баяндама аяқталғаннан кейін депутат Ермұрат Бапи сөз сөйледі.
"Менің ойымша, талқыланып отырған заң жобасының әу баста қойылып отырған тақырыбы ауқымды емес. Елдің алдындағы активтерді қайтару жөніндегі проблеманы толық қамтитындай көлемде емес деп ойлаймын. Біз бұл заңның көмегімен тиісті тергеу, заң органдары шетелге, Еуропа елдеріне, Батыс елдеріне оффшорлық компанияларға, халықаралық трансұлттық компанияларға, шетелдік банктерге шығуы керек. Заңның тақырыбы - заңсыз сатып алынған активтер. Ал Президент Тоқаевтың 26 қарашада Үкіметке берген тапсырмасында заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы болған.
Ал мына жерде заңсыз сатып алынған активтерді дейді. Олар заңдастырып сатып алды оның бәрін. Сондықтан, менің ойымша, алдағы уақытта талқылау барысында осы заңның аталу тақырыбын ауқымды қылу керек. Президенттің тапсырмасы бойынша, заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөнінде болуы керек. Бірден айтайын, осы заң жобасын дайындау барысында тағы да мүдделі топтардың саботажы болды деп ойлаймын. Егер заңды осылай талқылайтын болсақ, біз тағы Президенттің саясатын құрдымға кетіреміз. Сондықтан осыны қаперге алуды сұраймын", - дейді депутат.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Ермұрат Бапиге ұсыныс назарға алынатынын, алайда бүгін заң жобасы талқыланып жатпағанын, тек регламент бойынша жұмысқа алынып жатқанын ескертті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина