21-22 мамыр күндерінің аралығында Қостанай қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақстан-Ресей жастарының форумы өтті. «Ел ертеңі болашақ жастардың қолында» деген атаумен өткен Халықаралық форум биыл алтыншы рет ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстанның барлық өңірінен мыңнан астам еріктілер және көршілес Ресейдің Қазақстанмен шекаралас жатқан аймақтарынан 200-ден астам жастар қатысты. Жиын биыл Жастар жылының аясында пайдалануға берілген Жастар сарайында өтті.
Қос ел жастарының қатысуымен өткен форумның маңыздылығы жоғары. Жоспар бойынша екі елдің қоғамдық ұйым өкілдері өзара тәжірибемен алмасу үшін үздік жобаларын таныстырды. Форумның басты бағыттарының бірі – еріктілер қозғалысын дамыту.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған жас белсенділердің жиынында Мемлекет басшысы жастарды әрқашан қолдайтынын жеткізді.
– Бүгін мен барлықтарыңызды осы залда қауыштырғаныма қуаныштымын. Сіздер - елдің болашағысыздар. Қазақстан – жастардың мемлекеті. Бізді әлемнің әр мемлекеті таниды, бізбен санасады. Бұл елдің тарихи жетістіктерінің бірі емес пе!? ҚР Президенті ретінде мен әрқашан волонтерлардың қозғалысын қолдайтынымды жеткіземін»
Форум барысында елдегі еріктілердің құрметіне 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп атау туралы ұсыныс түскен еді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысқа өз пікірін білдірді.
– Сіздердің келесі жылды Волонтерлар қозғалысының жылы деп жариялау туралы ұсыныстарыңызды толығымен қолдаймын. Еріктілер - жаны таза адамдар. Олар - елдің шынайы патриоты, сол үшін де құрметім шексіз. Белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз мемлекеттің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз», - деп қорытындылады Қазақстан Президенті.
Ендігі жылды еріктілер құрметіне арнау мәселесін Қазақстандағы «Ұлттық еріктілер желісі» ұйымының төрайымы Вера Ким көтерді. Оның бұл ұсынысты тастауына Қазақстанда 200-ден астам волонтерлік ұйымның тіркелуі түрткі болған.
«Қазақстанда еріктілер қозғалысы жақында ғана пайда болды. Біз мұны елдегі ауқымды іс-шаралармен байланыстырамыз. Осы уақыт ішінде біз еріктілердің өзіндік жобаларын жасадық. Бұған мемлекет жақсы қолдау білдіріп келеді. Сол себепті келесі жылды Еріктілер жылы деп жариялауды ұсынамын», - деді В. Ким.
Жиынға қатысушылар алғашқы күні "Волонтерлік – әлемдік тренд" тақырыбындағы пленарлық дискуссияға қатысты. Бұл мәселенің төңірегінде Қазақстанның ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өз пікірін ортаға салды.
– Елбасының жарлығымен 2019 жыл Жастар жылы деп жарияланған болатын. Жастарымыз Тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекеттің қолдаушысы, тірегі бола білді. Сол себептен де мемлекет тарапынан жастар назардан тыс қалмайды, әрдайым зор қолдауға ие бола бермек. Оған дәлел Елбасы «Болашақ» бағдарламасын қолға алып, сол бойынша жұмыстар жүргізілді. Осы бағдарлама арқасында 13 мыңнан астам жастар осы күні шет елдерде тегін оқып, білімдерін жетілдіріп жүр. Бітіріп елге оралғандары да еселі еңбек етуде. Сөзімнің сонында сіздерге тілерім осы форум естеріңізде қалып, өмірлеріңізге жақсы жағынан мол өзгерістер алып келсін, - деді Дәурен Абаев.
Одан бөлек, Ресейдің жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы Александр Бугаев, ұлттық еріктілер желісінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк, Ресейдің еріктілер орталықтары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Артем Метелев көтерілген мәселелерге қатысты өз ойларымен бөлісті.
Форумның ашылу салтанатында Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов сөз сөйлеп, келген қонақтарға Қостанай облысын қысқаша таныстырып өтті.
– Қостанай облысы ұлы есімдерге бай. Біздің өңірден небір батырлар, ақындар мен жазушылар шыққан. Бұл өлке Ыбырай Алтынсаринның, Ахмет Байтұрсынұлының, Шоқан Уалихановтың, Аманкелді Имановтың, Кейкі батырдың, Мәриям Хакімжанованың және көптеген қоғам қайраткерлерінің туған жері екендігін айта кеткім келеді. Бұл форум жастар жылына орай ұйымдастырылып отыр. Елбасы атап өткендей бүгінгі жас буын біздің болашаққа деген зор үмітіміз. Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған көптеген игі істер жасалуда. Қостанай облысында да жастар мәселесі назардан тыс қалған емес, - деді Архимед Мұхамбетов.
Екі күнге жалғасқан жастар форумының аясында елдегі жас қазақстандықтардың түйіткілді мәселелері көтеріліп, оларды шешу мақсатында шешім қабылданды.