Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысы 2025 жылғы 8 қыркүйекте сағат 11.00-де Астана қаласында шақырылсын", - деп жазылған өкімде.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауын жариялайтыны хабарланды.
Шараға Сенат пен Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, Ұлттық құрылтайдың, Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, қоғам мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысады.
Бұған дейін Президент жолдауын 2024 жылы 2 қыркүйекте жариялаған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз