- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президенттің жаңа баспасөз...
Президенттің жаңа баспасөз хатшысы денсаулығына байланысты қызметінен босатылды
Президенттің жаңа баспасөз хатшысы Нұрмұхамед Байғараев денсаулығына байланысты қызметінен босатылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті. Медициналық талап қазіргі қызметімді толыққанды атқаруға кедергісін келтіретіні белгілі. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл - жиі ұшақпен ұшу деген сөз. Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме біліміммен, біліктілігіммен дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді.
Алайда "денсаулық - бірінші байлық" деп бекер айтпаған. Сондықтан қандай қызмет болса да, ең алдымен, уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деп таптым. Осыған орай, Президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді. Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын", - деп жазды ол.
Айта кетейік, бұл қызметке Нұрмұхамед Байғараев 6 қыркүйекте тағайындалған еді. Бұған дейін ол баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарған.
Нұрмұхамед Байғараев - "Болашақ" бағдарламасының түлегі, 2017 жылы Ұлыбританиядағы Lancaster университетінен (MSc of Project Management) магистр дәрежесін алды.
Aiqyn газетінің бас редакторы болды. Ал Aiqyn газетіне дейін "Егемен Қазақстан" республикалық газетінде бас редактордың орынбасары болып жұмыс істеген.
Әр жылдары "Хабар" және Qazaqstan телеарналарында продюсер, сценарист және жүргізуші болды. Сондай-ақ, "Қазақ радиолары" ЖШС бас директорының кеңесшісі қызметін де атқарған.
Еске салайық, бұған дейін Президенттің баспасөз хатшысы болған Руслан Желдібай Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі қызметіне тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова