Президенттің ерекше бақылауында: Қошанов Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірді

Президенттің ерекше бақылауында: Қошанов Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірді
Фото: Tengrinews.kz

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жалпы отырыстан соң БАҚ өкілі Қошановқа "экс-министр Қуандық Бишімбаев жауапкершіліктен сытылып кетпей ме? Оған әділ жазасы беріледі деп ойлайсыз ба?" деген сұрақ қойды.

Ерлан Қошанов қоғамды елең еткізген қылмыстық іс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше бақылауында екенін атап өтті.

"Біріншіден, бүгінде сот процесі жүріп жатыр. Өзіңіз білесіз, сот процесіне ешбір азамат араласуға құқығы жоқ. Оған араласуға болмайды. Екіншіден, бұл іс үлкен резонанс туғызды. Шынында да жантүршігерлік оқиға. Ол қоғамның ерекше бақылауында.

Президент осы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын дұрыс жүргізу бойынша өз тапсырмасын берді, өз бақылауында ұстап отыр. Осындай қоғамдық бақылау бар кезде ешқандай бұрмалаушылық болады деп ойламаймын. Сот шешімін дербес шығарады. Оның әділ үкім шығаратынына сенеміз", - деді Мәжіліс төрағасы.

Айта кетейік, экс-министр Бишімбаевқа әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр. Оқиға Астанадағы мейрамханалардың бірінде болған еді.

Былтыр 9 қарашада Қуандық Бишімбаев ұсталғаны белгілі болды. Ал 11 қарашада бұрынғы министр қамауға алынды.

Еске салайық, кеше алдын ала тыңдау барысында мемлекеттік айыптаушы сұмдық жайттарды айтқаны хабарланды.

Бишімбаев ісі: Астанада алдын-ала сот тыңдауы басталғалы жатыр (сурет-видео)

Айыптау қорытындысы бойынша Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Астанада өткен концертте болғаны айтылды. Концертте олардың арасында жанжал басталған. Кейін олар мейрамханаға бірге барған, ол жерде де жанжал жалғасқан. Нүкенова Бишімбаевтан кеткісі келетінін айтқан, бұл туралы ағасына да хабарлаған.

"Концертте болған Бишімбаев бос сылтауды пайдаланып, Нүкеновамен жанжалдаса бастаған. Концерт аяқталғанын күтпестен екеуі ғимараттан шығып, жаяу Бао мейрамханасына бағыт алған.

Мейрамханада алкоголь ішу барысында жанжал жалғаса берген. Нүкенова Бишімбаевқа бұл қарым-қатынастан шаршағанын және одан кетуге шешім қабылдағанын айтқан. Сондай-ақ, Нүкенова ағасына қонуға баратынын жазып, такси шақыруға тырысқан", - деді прокурор.

Сондай-ақ, мәліметтерге сүйенсек, Бишімбаев мас күйде Нүкенованың басына қатты соққы берген. Кейін ол әйелді аяғымен тепкілей бастаған. Салтанат Нүкенова бөлмелердің біріне тығылмақ болған, бірақ Бишімбаев есікті сындырып, оны қайтадан ұра бастаған.

Аяз Есен

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz