Бір кездері қаланың көркіне, сәні жарасқан архитектуралық нысаны болған "Саяхат" автобекетін алматылықтар мен облыс тұрғындары сағынышпен еске алады. Күн сайын алып сағат астында талай адам кездесу сәтін белгілеп, бірі жолға шықса, бірі алыстағы жақынын қарсы алатын. Бүгінде "Саяхаттың" орны жермен жексен болған. Жер аумағы қоршалып, жан-жағы күл-қоқысқа айналды. Ал, шығыс бағыттағы елді мекендерге жолға шыққан ел, тар көшеге сыймай, әбден қиналып жүр. Бұл орайда Алматы қалалық заң палатасы төрағасының орынбасары, заңгер Ғабит Өмірбеков "Саяхат" мәселесін осы күйінде қалдыруға болмайтындығын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Алматылықтардың барлығы 15 жыл бұрын, яғни 2008 жылы бұзылған "Саяхат" автовокзалының қайғылы тарихын біледі. Облыс пен қала маңындағы тұрғындар қалаға автобуспен емін-еркін келіп, кері ауылдарына қайтатын. Қазіргі таңда "Саяхат" автовокзалы не үшін қиратылғанын ешкім білмейді. Ашық ақпарат көздеріне сүйенсек, бұрынғы автобекетке тиісілі төрт гектар жер "Саяхат инвест" ЖШС тиесілі. Серіктестік көп деңгейлі автопаркингі қарастырылған, халыққа қызмет көрсету ғимараттары бар кешен саламыз деген желеумен нысаналы мақсатты жер учаскесін өз жеке меншігіне аударып алған. Алайда содан бері он жылдан астам уақыт өткенімен қандай да бір эскиздік жоба әкімшілікке ұсынылған жоқ", - дейді заңгер.
Оның сөзінше "Саяхат" автовокзалының ғимараты әлі талай жыл іргесі берік бекет болып тұрар еді. Бірақ сол жылдары арнайы құзырлы органдардың қорытындысына сәйкес ғимарат апатты деп танылып, сүріліп тасталған. Алайда Ғабит Өмірбектің айтуынша, "Саяхат" автовокзалының ғимаратында қандай да бір жарықшақ және шытынау болмағанын бұған дейін бірнеше маман ашық айтқан.
"1980-2008 жылдар аралығында "Саяхат" автовокзалына 500-ге жуық автобус тіркелген және қызмет атқарған. Бұл қаланы еліміздің шығысымен байланыстырып тұрған алып логистикалық кешен еді. Қаншама адам жұмыссыз қалды. Мыңдаған жолаушы далада жаурап тұруға мәжбүр. Зайырлы қоғамда бұлай болмауы керек. Ата заңымызда мемлекеттің ең жоғарғы құндылықтары - адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы деп айтылған. Алайда, қазір, әр кеш сайын, жүздеген адам Гоголя-Пушкина көшесінен бастап Сүйінбай-Рысқұлов көшесіне дейін жолдардың ортасына шығып өз өмірлеріне қауіп төндіріп, такси ұстап тұрғандарын байқаймыз. Көбі Талғар, Құлжа тракты және Сүйінбай бағыттары бойынша үйлеріне жете алмай қиналады. Не бір бекітілген автобустар байқалмайды. Ал, таксистер жолаушыны алу мақсаттарында тоқтауға тыйым салынған жерден жол ережесін бұзып, тоқтауға мәжбүр болады.
Оларды үнемі полиция қызметкерлері тоқтатып жол жүру ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлға тартады. Көбісінің жалғыз табыс көзі - адам тасымалдау. Олар тіпті сағаттап жол жүру ережесін бұзып, жолаушыларды жинауға мәжбүр болды. Бәрі ауылдан келген қарапайым қазақтың азаматтары", - дейді заңгер.
Ғабит Өмірбек 15 жыл бойы бос тұрған жерде бір де бір нысан салынбағанын атап өтті.
"Халық та игілігін көре алмай отыр. Бұл мәселені бей жай қалдыра алмаймыз. Осы мәселені айтып, жүздеген адам біздің палатаға хабарласады. Егер қала басшылығы нақты әрекет етпесе, Президенттің атына хат жазамыз", - дейді заңгер.
Заңгер азаматтардың өтініштер негізінде жолаушылардың, көлік жүргізушіліренің заңды мүдделерін қорғау мақсатында мен Алматы қаласының әкіміне бұл сұрақты тез арада шешу бойынша хат жолдайтынын айтты.
"Ол хатта Сүйінбай 15 пен Райымбек батыр даңғылы қиылысындағы 4-5 гектар жердегі, 15 жыл қоршалып тұрған орынды ашып, автобус және такси жүргізушілерінің қолдануына рұқсат беруін сұрайтын боламын", - деді Ғабит Өмірбеков.
"Саяхатты" өзімізге қайтарсын". Алматы облысында тұрғындар автобекет жекеменшікке өткеніне наразы
Еске салайық, кеше, 15 ақпанда Алматы облысында тұрғындар "Саяхат" автобекеті жекеменшікке өткеніне наразы екенін хабарлаған болатынбыз. Олар қаланың қақ ортасындағы аумағы 5 гектар жер түгел темір қақпамен қоршалғанын, маңына көлік қоюға да рұқсат жоқ екенін айтып, шағымданып отыр.
Саламат Сабыр
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!