- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президенттік жастар кадр...
Президенттік жастар кадр резервіне кімдер қатыса алады?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттік жастар кадр резерві еліміздің жастары үшін тиімді әлеуметтік лифтіге айналуы тиіс екенін айтқан болатын. Резервте жылдам шешім қабылдай алатын, құбылмалы жағдайларға тез икемделе алатын жастар жиналады. Президенттік жастар кадр резерві жайлы не білу керек? Оған кімдер қатыса алады? Massaget.kz нұсқаулық ұсынады.
Бұл жобаның басты мақсаты - жастарға тиімді әлеуметтік лифт құру, басшылардың жаңа буынына жол ашу және шығармашыл, талантты әрі білімді жастардың басын біріктіру. Бұл жобаға түрлі саланың өкілдері, тіпті, кәсіп иелері де қатыса алады. Олардың мемлекеттік қызметкер болуы міндетті емес.
Президенттік жастар кадр резервіне кімдер қатыса алады?
- 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары (конкурсқа қатысуға еліміздегі де, одан тысқары жердегі де Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады);
- Қатысушылының жоғары білімі болуы керек;
- Жұмыс өтілі 5 жылдан кем емес болуы керек;
- Мемлекеттік тілді білетіндігі туралы сертификаты болуы тиіс. Қазақ тілін білу деңгейі В1 деңгейінен төмен емес болуы керек.
Бұл жобаға кімдер қатыса алмайды?
- Қазақстан Республикасы президенті тағайындаған адамдар;
- Саяси қызметшілер;
- "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері;
- Презимденттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар.
Сонымен қатар жобаға қатысушыларды мемлекеттік қызметке тұру шарттарына сәйкестігіне тексеріледі. Мысалы, ол іс-әрекетке қабілетсіз болмауы тиіс, белгілі бір уақытқа мемлекеттік қызметте болу құқығынан айыратын сот шешімі болмауы керек, сыбайлас жемқорлық қылмысын жасамаған болуы керек, өтелмеген немесе алынбаған соттылығының болмауы қажет, қылмыстық топ құрамында қылмыс жасамаған болуы керек.
Резервші Президенттік жастар кадр резервінде 3 жыл бола алады.
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталған кезде қатысушылардан мынадай құжаттыр сұралады:
- Жоғары білімі туралы дипломдардың көшірмесі;
- Еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі;
- Мемлекеттік тілді білетіндігі туралы сертификат (В1 деңгейінен төмен емес).
Іріктеу жарияланған кезде қатысушы Президенттік жастар кадр резервінің pkrezerv.gov.kz сайтында тіркелуі және өтінім беруі керек.
Резервке үміткерлерге тіркелу кезінде Қазақстанның мемлекеттік басқару құрылымына сәйкес мынадай алты саланың біреуін таңдау ұсынылады.
- Әлеуметтік саясат, азаматтық қоғам;
- Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
- Цифрландыру;
- Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
- Экономикалық және қаржылық саясат;
- Сыртқы саясат және инвестициялар.
Жобаға қатысушы қандай кезеңдерден өтеді?
Үміткер сегіз кезеңнен өтуі тиіс. Оларға мыналар жатады:
- Бірінші кезең – үміткерлердің құжаттарын қабылдау.
- Екінші кезең – үміткерлерді мәтіндік тестілеу. Олардың мәтіні күрделі ақпаратпен жұмыс істей алуы тексеріледі.
- Үшінші кезең – үміткерлерді сандық тестілеу. Бұл кезеңде сандық ақпаратпен жұмыс істей алуы тексеріледі.
- Төртінші кезең - үміткерлердің көшбасшылық қасиеттерін бағалау.
- Бесінші кезең - үміткерлер эссе жазып, өзінің әлеуметтік маңызы бар жобаларын таныстырады.
- Алтыншы кезең - үміткерлердің құзыреттерін бағалау. Бұл арқылы олардың жеке қасиеттері мен ынталандыру деңгейі тексеріледі.
- Жетінші кезең - Сарапшылық космиссиямен жеке әңгімелесу. Сарапшылық комиссия ашық дауыс беру арқылы Резервке алуға болатын үміткерлер тізімін жасап, оны Ұлттық комиссияға жолдайды.
- Сегізінші кезең – қатысушылардың кандидатурасы кадрлық резерв жөніндегі Ұлттық комиссияда қарастырылады.
Резервші міндетті түрде мемлекеттік лауазымға тағайындала ма?
Президенттік жастар кадр резервіне қабылданғаннан кейін қатысушы мемлекеттік саяси лауазымдарға, А корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, "Б" корпусының басшылық лауазымдарына және "Б" корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін. Алайда резервке ену мемлекеттік лауазымға тағайындалуға кепілдік бермейді.
Мысалы, бос орын болған жағдайда ол қызметке Жастар кадрлық резеврі жөніндегі ұлттық комиссия Резервте тұрған тұлғаны ұсына алады. Тағайындаулар Резервке енгізілген тұлғалар арасынан да, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен басқа да тұлғалар арасынан да болуы мүмкін.
"Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова