- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президентті ұлықтау рәсімі...
Президентті ұлықтау рәсімі қашан өтеді?
Бүгін Ақордада отандық және шетелдік БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты ұлықтау рәсімінің қашан өтетінін хабарлады.
"Президентті ұлықтау рәсімін 12-сі өткізуді жоспарлап отырмыз, әрине егер осы уақытқа дейін Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындыларын шығару міндетін атқарса және ресми есепті жарияласа. 14 маусымда Бішкекке ұшып шығып, одан әрі Душанбеге ірі халықаралық іс-шараларға аттануым қажет. Бұл шараларға президент толық өкілеттілік ретінде қатысуы қажет", - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұдан бөлек, журналистердің тағы бірнеше сұрағына жауап беру кезінде Президент жемқорлықпен қалай күресетінін және жастармен қалай жұмыс жасайтынын айтты.
"Сыбайлас жемқорлық - өте күрделі құбылыс. Былай айтқанда дерт деп те айтуға болады. Батпандап кіретін, мысқалдап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен міндетті түрде бәріміз қоғам боп күресуіміз керек. Әйтпесе кеш болып қалуы мүмкін. Сыбайлас жемқорлықтың кесірінен алып мемлекеттер, ірі мемлекеттер құлағанын бәріміз білеміз, куә болдық", - деді Мемлекет басшысы.
"Біздің заңнамамызға сәйкес Үкімет отставкаға кетпейді. Дегенмен, нақты-нақты кадрлық ауыс-түйіс болады. Бұған дейін атап өткенімдей, Үкіметке жаңа тұлғалар, оның ішінде жастар өкілі тартылады. Меніңше, барынша қабілетті кадрларды тарту қажет", - деді Президент.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев "Президенттік кадрлық резерв" дайындауға уәде бергенін еске салды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен 300 адам кіретінін атап өтті.
"Біз бұл тізімді жаңартып отырамыз. Бұл догма емес. Дегенмен, басты мақсат - жастарды мемлекетті басқаруға тарту. Жалпы айтқанда Үкімет жұмысына жаңа тыныс, жаңа серпін беру керек. Сондықтан менің талабым өте қатаң болады", - деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев.
Еске салайық, 9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76 пайыз дауыспен жеңіске жетті. Бұл 6 миллион 504 мың 54 дауыс.
А. Қажиев