Бүгін Мемлекет басшысына жауапты мемлекеттік орган басшылары атқарылған жұмыс жайында баяндады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына шаһарды абаттандыру, қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру, сондай-ақ қолайлы және қауіпсіз қала қалыптастыру бағытында қолға алынған шаралар жөнінде мәлімет берді.
Оның айтуынша, биыл елордада 173 орынды (қоғамдық кеңістіктер мен аулалар) жаңғырту, 1,1 миллион түп жасыл желек, атап айтқанда, көшеттер, бұталар, гүлдер мен ағаштар егу жоспарланып отыр.
"Негізгі жобалардың бірі – тұрғындар көп келетін "Самал" саябағы. Аталған аумақ отбасылық демалысқа, спортпен шұғылдануға және мәдени іс-шараларға ыңғайлы кеңістік ретінде жобаланып жатыр", - делінген хабарламада.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев "Таза Қазақстан" акциясы басталған екі жыл ішінде 1,5 мың экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын жеткізді. Осы уақыт аралығында 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысады.
Министрдің айтуынша, 2021-2025 жылдары орман қорын толықтыру үшін 1 миллионнан аса гектарға 1 648,4 миллион түп көшет отырғызылған. Елді мекендерде бес жыл ішінде 18,4 миллион ағаш егілді. Алдағы уақытта 1 760 мың гектар жерді қамтитын 46 экоаумақ құрылады.
Іс-шараға Ақсу-Жабағылы табиғи қорығынан Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров пен эковолонтер Аида Мақанбай, Жайық жағасынан Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев пен экобелсенді Нұрсұлтан Сәрсенбаев, Шығыс Қазақстан облысынан аймақ әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Үлбі металлургия зауытының басқарма төрағасы Сергей Бежецкий, Баянауылдан Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов пен "Жасыл ел" Павлодар облысы штабының жетекшісі Русана Сулаймонова бейнебайланыс арқылы қосылып, жалпыұлттық экологиялық акция аясында өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясына қатысты. Президент елордадағы "Самал" саябағының аумағында экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!