Президентке бюджет қаражатын жымқыру схемалары туралы айтылды

Президентке бюджет қаражатын жымқыру схемалары туралы айтылды
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің биылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмысының негізгі қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер туралы есеп берілді.

Жанат Элиманов 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 миллиард теңгенің зардабы өтелгенін жеткізді. Сондай-ақ, ол 7 қылмыстық топтың (оның ішінде төртеуі - трансұлттық топ) және 176 миллиард теңгеден аса қаражатты заңсыз түрде қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желінің қызметіне тосқауыл қойылғанын атап өтті.

Есірткі бизнесі мен алаяқтықтан түскен кірісті жылыстату үшін пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылған. Бұдан бөлек, өз есепшоттары арқылы 113 миллиард теңгені өткізген 36 дропперлік топ анықталған.

Президентке ТМД елдері аумағында алғаш рет дербес деректі заңсыз иемдену мақсатында ұялы байланыс операторларының жұмысын имитация жасайтын және фишинг SMS хабарламаларды жаппай тарататын арнайы құрылғыны пайдаланған адамдар ұсталғаны баяндалды.

Агенттік төрағасы бюджет шығынына мониторинг жүргізу шаралары туралы айтты. Мәселен, 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 миллиард теңге негізсіз жұмсалуына жол берілген жоқ. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 миллиард теңге көлемінде мемлекет қаржысын жымқыру ықтималдығы анықталған. Сондай-ақ, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаржы алу үшін жеке клиникалар 140 мың азаматтың жалған тіркеу мәліметін көрсеткені белгілі болды.

Бұдан бөлек, алдын алу жұмыстары аясында заңсыз ойын бизнесінің белгілері бар 9 мың сайт пен аккаунт бұғатталған. Алаяқтық пиғылмен ашылған 2,3 мың ресурстың және 35 мыңнан аса мүшесі бар 25 чаттың қызметі тоқтатылған.

Қаржылық сауатты арттыру бағытындағы іс-шараларға 245 мыңнан аса азамат қатысты. Салалық заңнаманы жетілдіру нәтижесінде Қазақстанның рейтингтегі орны ФАТФ-тың төрт негізгі ұсынымы бойынша жоғарылады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы агенттік қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget