Президент: “Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды“

Президент: “Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды“
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды.

"Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді. Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ. Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды. Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл - ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын", - деді Президент.

  

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде еліміздегі қоғамдық өмірдің барлық саласы реформаланып, бірегей инновациялық стандарттар мен тәсілдер қолданылып жатыр.

"Мемлекеттік институттар мен экономикада ғана емес, азаматтық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр. Соғыстан, дағдарыстан және қырғи-қабақ қатынастан көз ашпаған қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияның өзін бірегей тәжірибе деп атауға болады. Бірде-бір аймақта мұндай үлгі етер мысал жоқ. Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жүріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен айта аламыз. Осы жаңғыру жолынан жаңылмай, қол жеткізген нәтижелерді орнықтыру үшін ұлтымыздың тарихи дамуындағы негізгі аспектілерге қатысты ұстанымымыз бен көзқарасымызды өзгерткен жөн", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек.

"Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Аузымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн.   Бұл аса маңызды қағидаттар келешек ұрпақ идеологиясының өзегіне айналуға тиіс.   Ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқымыз тарихта талай сынаққа қасқайып қарсы тұрды. Енді өзінің күш-қуатын даму көкжиегін кеңейтуге жұмылдырса деген тілек бар. Жасампаздық пен еңбек қана мұратымызға жеткізеді", - деді Мемлекет басшысы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget