Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен жиын өткізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығымен жиын өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы Марат Ирменовті таныстырып, оған бірқатар міндет жүктеді. Ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесін реформалау, ведомство алдына қойылған мақсаттарға жетудің жаңа тәсілдерін әзірлеу және қызмет тиімділігін арттыру қажет екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Заң мен Тәртіп" қағидаты орындалуына, мемлекеттің экономика саласындағы ұлттық мүддесін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа және басқа да заңбұзушылықтарға қарсы іс-қимылға баса назар аудару керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Президент кадрларды іріктеу тәртібін жетілдіру, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа төнетін қауіптің алдын алу, басымдыққа ие мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында жемқорлық тәуекелдерін болдырмау жөніндегі профилактикалық шараларды күшейту туралы тапсырма берді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!