Президент Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына еліміздің биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын-ала нәтижелері туралы есеп берілді.
Әлібек Қуантыровтың баяндамасынан:
- 2023 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайыз көлемінде болады деген болжам жасалып отыр. Бірінші жартыжылдықта шетелден тартылған тікелей инвестиция көлемі 13,3 миллиард долларға жетті. Жылдық инфляция 2 есе, яғни 10,8 пайызға дейін (ақпан айында 21,3 пайыз) төмендеді;
- жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,4 пайызға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Шағын және орта бизнес өндірген өнім көлемі 28 триллион теңгеден асты. Бұл салада 4,3 миллион адам жұмыспен қамтылған. Биыл 9 мың жобаға субсидия берілді. Несиенің жалпы көлемі – 669 миллиард теңге;
- бизнесті тексеру ісін 2 есе азайту үшін кәсіпкерлік саласына жаңа реттеу саясаты енгізіледі.
- Міндетті талаптар реестрі жасалып, сын-қатерлерді басқару жүйесі автоматтандырылады;
- жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің әзірлену барысы, сондай-ақ инвестициялық саясат, мемлекеттік жекешелік әріптестікті дамыту шаралары туралы айтылды;
- биыл 267 миллиард теңге инвестиция тарту, 5,8 мың шақырым желіні жөндеу, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға көтеру, желілердің тозу деңгейін 3,2 пайызға азайту жоспарланған;
- "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы іске қосылғалы бері республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 7 есе артты. Биыл 771 ауылда 1,8 мың жобаны орындау жоспарланып отыр.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сапалы және орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз ету, сондай-ақ реформаларды тиімді жүргізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!