Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылғы ақша-кредит саясатының жүзеге асырылу нәтижелері, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі жөнінде баяндалды.
Ғалымжан Пірматовтың есебінен:
Ұлттық банктің мәліметі бойынша Fitch Ratings және S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның "ВВВ" деңгейіндегі дербес рейтингіне қатысты «тұрақты» деген болжамды растады.
Мемлекет басшысының айтуынша, инфляция, макроэкономикалық және энергетикалық тұрақсыздық әлі де экономиканың негізгі түйткілдері ретінде сақталып отыр.
"Халықаралық ұйымдар Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша жаһандық өсім 2021 жылғы 6,2 пайыздан 3,4 пайызға дейін айтарлықтай бәсеңдейтінін және баға қысымы күшейетінін болжап отыр. Мұның бәрі еліміздің экономикалық дамуына әсер етеді, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға анағұрлым үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу қажет екенін білдіреді", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Талқылау қорытындысы бойынша Президент жылдық есепті мақұлдады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!