- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент Үкіметке бірнеше...
Президент Үкіметке бірнеше тапсырма берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің пленарлық отырысында Үкіметке бірнеше тапсырма берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мен кеше Парламент сессиясының ашылуында нақты міндеттерге тоқталдым. Үкімет стратегиялық бағдарымызды жүзеге асыра отырып, мынадай мәселелерге баса мән беруге тиіс", - деді Тоқаев.
Президенттің тапсырмасына сәйкес:
Бірінші. Тұрақты экономикалық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың даму үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұмысын жүйелі жүргізіп, нарық қағидаларын нығайту маңызды. Түпкі мақсатымыз – жоғары технологияға негізделген, өзін-өзі толық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру.
Екінші. Инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек.
Үшінші. Инфрақұрылымды дамыту қажет. Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануға тиіс. Энергетикалық активтерді жаңғыртуға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Бұл жұмысты "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы арқылы іске асыруға болады.
Төртінші. Аумақтық саясат жан-жақты ойластырылып жүргізілуге тиіс. Аймақтар қуатты болса, бүкіл мемлекет өсіп-өркендейді. Сондықтан еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымы оңтайлы әрі тиімді болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе.
Бесінші. Адами капиталдың сапасын дәйекті және жүйелі түрде арттыру қажет. "Жайлы мектеп" жобасын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету және ЖОО базасында академиялық артықшылық орталықтарын құруды жалғастыру қажет.
Алтыншы. Мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғырту қажет. Әйтпесе, көздеген мақсатымызға жету қиынға соғады. Үкімет әкімшілік реформаны жалғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек. Мемлекеттік органдардың тапсырманы уақтылы әрі сапалы орындауы жеткіліксіз.
Экономиканың өсімін қамтамасыз ететін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру қажет. Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы басты назарда болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина