Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында бірыңғай уақыт белдеуі туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы президент "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты.
- Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Парламент пен Үкіметтің арасында осыған қатысты пікірталас жүріп жатқанын да білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
- Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!