Президент қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ғалым, "Қазақ газеттері" ЖШС Бас директоры Диқан Қамзабекұлына берген кең көлемді сұхбатында айтты.
Тағы бір мәселені айтпай кетуге болмас. Кейінгі кезде қоғамда зорлық-зомбылық пен қатыгездік белең алып барады. Әйелдер мен балалардың әлімжеттік көргені, соққыға жығылғаны туралы ақпарат күн сайын шығады. Осындай қылмыстардың тамырына балта шауып, біржола тосқауыл қою үшін мемлекет тарапынан не істеліп жатыр?
– Мұндай қылмыстардың алдын алып, жолын кесу үшін менің тапсырмаммен нақты шаралар қабылдануда. Әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатын болды. Сондай-ақ ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаумен шұғылданатын мамандардың штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілді.
Біз мұнымен шектелген жоқпыз. Былтыр отбасындағы тұрмыстық құқық бұзушылықпен күрес тәсілдерін қайта қарадық. 1 шілдеден бастап полиция жәбірленушінің шағымын емес, қылмыстың анықталуын негізге алып, қылмыстық істі тіркеуге көшті. Яғни мұндай қылмыстарға қатысты іс қозғау үшін зорлық-зомбылықтан жапа шеккен адамның арызы қажет емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілді. Жәбірленуші қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтін болды.
Сондай-ақ Мәжілістің бір топ депутаты халыққа Жолдауымның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің жаңа әрі тиімді шараларын қарастыратын заң жобасын әзірлеп жатыр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!