Президент түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет екенін айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы саммитте талқыланатын жасанды интеллект және цифрлық дамудың өзектілігіне назар аударды.

"Қазір бүкіл әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістермен бетпе-бет келді. Жаңа сын-қатерлер пайда болды. Дүние жүзінде технологиялық бәсеке күшейді, яғни инновациялық тұрғыдан озық ел болу мақсаты алдыңғы қатарға шықты. Технологиялық даму кез келген мемлекеттегі тұрақтылық пен қауіпсіздік факторына айналды. Бұл – цифрлық трансформацияға дер кезінде бет бұрған елдер көш соңында қалмайды деген сөз. Сондықтан Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер технологиялық жаңғыру үдерісінен тыс қалмауы үшін бірлесе жұмыс істеуі керек. Жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі түркі әлемінің дамуына жол ашуға тиіс", - деді Президент.

️Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің цифрландыру және ЖИ саласындағы стратегиялық бағдарын баяндады.

"Қазақстан цифрлық ел болуды көздеп отыр. Бұл – еліміздің алдында тұрған стратегиялық мақсат. Осы жыл Қазақстанда "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияланды. Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылды. Сондай-ақ, екі суперкомпьютерді іске қостық. Келесі қадам – "Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын" құру. Бұл жоба аймақ елдеріне жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға зор мүмкіндік бермек. Біз Қазақстанды аймақтық хаб ретінде дамыту үшін көші-қон үдерісін оңтайландыра бастадық. Шетелден келген кәсіпкерлерге, инвесторларға, білікті мамандарға арналған "Алтын виза" енгіздік. Мұндай виза алған адамдар мемлекеттік және қаржылық қызметтерге Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қол жеткізе алады. Сонымен қатар, елімізде Цифрлық кодекс қабылданды, Жасанды интеллект туралы заң күшіне енді. Біз білім саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамыту және озық технологияны меңгерген педагогтерді даярлау мәселесіне, білім беру жүйесін әр оқушының қабілетіне сай бейімдеу, олардың дербес деректерін қорғау ісіне ерекше мән беріп отырмыз. Осы мақсатпен мен жақында Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы жарлыққа қол қойдым. Бұл да Қазақстанның болашағы үшін жасалған өте маңызды қадам деп айтуға болады. Алдағы уақытта еліміздің цифрлық даму бағдарын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы бекітіледі. Таяуда Алматы қаласында Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылды. Бұл бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының аймақтық экономикалық және әлеуметтік комиссиясының қолдауымен жүзеге асырылады. Қазақстанға тілектестік танытып, осы жобаның тең авторлары ретінде бұл жұмысқа мол үлес қосқандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын", - деді Тоқаев.

Сонымен қатар, Президенттің сөзінше, түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет.

"Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет. Жақында Түркі академиясы ағылшын, орыс және түркі тілдерінде сегіз томдық терминологиялық сөздікті жарыққа шығарды. Бұл жұмыс терминдерді бір ізге келтіруге және ортақ ғылым кеңістігін нығайтуға ықпал етпек. Осы орайда кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын", - деді Мемлекет басшысы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!