Президент туралы жаңа заң екінші оқылымда қабылданды

Парламент "Президент туралы" Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің рөлі

Парламент жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат Президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп және кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі рөлін бекітеді. Құжат 8 тараудан және 43 баптан тұрады. 

Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқығы мен бостандығының нышаны әрі кепілі болып қала береді.

Заңның негізгі нормалары Президенттің Бас прокурорды, Конституциялық соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке тағайындау құқығын бекітеді. Жоғары сот кеңесінің ұсынысы бойынша Жоғарғы сот төрағасын да тағайындайды.

Құрылтайдың келісімі бойынша Президент вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ, Жоғарғы соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.

Вице-президент институты

Бұдан бөлек, заң бойынша Қазақстан Республикасының вице-президенті институты енгізіліп, оның құқықтық жағдайы айқындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша вице-президент Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасайды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз