Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің пікірінше, пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.
"Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру - айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет. Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз", - деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отырғанын мәлімдеді.
"Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек", - деді Тоқаев.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау туралы жарлыққа қол қойды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова