Бүгін сағат 21:00-де президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналардың эфирінен еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің экономика мен әлеуметтік саладағы дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасады.
Мәлімдемеде айтылған мәселелер бойынша мынадай шешім қабылданған:
• Инфляцияның артуына байланысты зейнатақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек 10%-ке индексацияланады;
• 1 сәуірден 1 шілдеге дейін медициналық көмекті МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған азаматтар да ала алады;
• Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі, ол үшін бюджеттен 70 млрд теңге бөлінеді. Көктемгі егіс науқаны үшін қарапайым заттар экономикасы бағдарламасы арқылы қосымша 100 млрд теңге бөлінеді;
• Шағын және орта бизнес өкілдері биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақүй, туризм және басқа да салаларды қамтиды;
• Жанармайдың нарықтық бағасы 15% төмендейді, яғни 165 теңгеге арзандайды. Бұл үшін 390 мың тонна жанармай жеңілдікпен сатылады.
• 42 500 теңге көлеміндегі көмек алатын азаматтардың санаты кеңейтіледі. Табысынан айырылған азаматтармен қатар ең төменгі жалақы мөлшеріндегі қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгілінген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы саны 3 миллионға жуық азаматқа қолдау көрсетіледі;
• Тұрмысқа қажет заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді. Тегін азық-түлік сегіз жүз мыңнан астам адамға беріледі.