Мемлекет басшысы Ресей Федералды жиналысы федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Валентина Матвиенко кездесу үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапарына Ресей ерекше мән беріп отырғанын жеткізді.
"Сіздің сапарыңызға өте үлкен дайындық жүргізілгенін білемін. Мазмұнды бағдарлама мен мемлекетаралық құжаттар пакеті әзірленді. Бүгін бұл құжаттарға мемлекеттер басшылары қол қояды. Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сіздің "Российская газета" басылымына жарияланған мақалаңызды мұқият оқып шықтым. Шынымды айтсам, Ресей-Қазақстан қарым-қатынасына қатысты тұстарына алып-қосарым жоқ. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тарихы, бүгіні және болашағы жайында өте терең толғам жасағансыз", – деді Ресей Федералды жиналысы федерация кеңесінің төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Валентина Матвиенко сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың, сондай-ақ, парламентаралық диалогтың өзекті мәселелерін талқылады.
Жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық келісімге заңнама тұрғысынан сапалы қолдау көрсетудің және Қазақстан мен Ресей парламенттерінің күш-жігерін үйлестірудің маңызын атап өтті.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова