Президент Таяу Шығыстағы жағдай туралы: “Соғыс өрті іргемізден шықты“

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Президенттің сөзінше, жер шарындағы барша адамзат "турбуленттілік" деген сөзді жақсы біледі.

"Әуе кемесі турбулентті аймаққа енген сәтте жолаушыларды сабырға шақыратын ұшқыштарға қарағанда, саясаткерлер мен сарапшылар халықаралық ахуалды сипаттауда осы сөзді жиі қолданып жүр. Шынында, бүкіл әлем тұрақсыз әрі бағдарсыз шақта өмір сүруге мәжбүр. Кейінгі он жыл ішінде болған оқиғалар бірінен бірі асып түседі. Бұл үдеріс әлеуметтік желідегі талқылаудың өзегіне айналды. Онда ақиқат пен аңыз, конспирология мен жалған мәлімет, қайғы-қасірет пен қуаныш қатар көрініс тауып жатыр. Жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан әлемнің бүгінгі кейпі осындай", - деді Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, өткен екі апта әлемдік қоғамдастыққа дүрбелең шын мәнінде қаншалық қауіпті екенін әрі тұтқиылдан келетінін анық көрсеткен.

"Планетамыздың тіршілігінде тұрақсыздық белең алды. Тіпті экономикасы ілгері, орнықты мемлекеттердің өзі әп-сәтте жаһандық қақтығыстың, әр нәрсені өз атымен айтар болсақ, соғыстың ортасында қалды. Соғыс өрті іргемізден, яғни Каспий маңындағы көршілес ел аумағынан шықты. Таяу Шығыстағы ахуал ушығуы қазірдің өзінде жаһандық қауіпсіздіктің іргесін шайқап, әлем экономикасына зардабын тигізгені анық. Көшбасшы мемлекеттер жетекшілері арасындағы сенім дағдарысы күшеюі, ірі елдер мен блоктар жік-жікке бөлінуі, ынтымақ-бірлікте өмір сүру психологиясы мен принциптері тоқырауға ұшырауы, халықаралық құқық сақталмауы, БҰҰ беделі бұрын-соңды болмаған деңгейге төмендеуі бүгін бастан кешіп отырған қатерлі жағдайға себеп болды", - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, осыдан он жыл бұрын саясаткерлер әлем жолайрықта тұрғанына, кімнің қалай бағыт алатынын білмейтініне алаңдаушылық танытатын.

"Ал қазір жұрттың бәрі дүниежүзілік соғыс табалдырығымызда тұрғанын айтып отыр. Бұл барлық мемлекеттің мүддесіне зиян келтірмек. Геосаяси, әскери, экономикалық, технологиялық және климаттық сын-қатерлер өрши түсіп, әлемді әбігерге салды. Осындай күрделі кезеңде Қазақстан азаматтары сабыр сақтап, ел ішіндегі және тысқары жерлердегі арандатуларға бой алдырмауы керек. Ең бастысы жаратқан берген батылдық, ар-намыс, ақыл-парасат сияқты қасиеттерімізді танытқан жөн. Президент ретінде саяси-дипломатиялық тәсілдердің бәрін қолдана отырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бар күшімді саламын", - деді Тоқаев.

Президенттің пікірінше, әлем технологиялық, экономикалық, саяси тұрғыдан түбегейлі өзгерген.

"Ең бастысы еліміз халықаралық кеңістікте бейбітшілікті нығайтуды, Қазақстанның төңірегіндегі қауіпсіздікті сақтауды көздейтін ұтымды, теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп келеді әрі осы бағытынан айнымайды. Бұл ел ішіндегі реформаларды жалғастыру үшін өте қажет", - деді Мемлекет басшысы.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!