- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент тауар несиесін...
Президент тауар несиесін беруді қарастыру керегін айтты
Президент тауар несиесін беруді қарастыру керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.
Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба Amanat партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек.
Жалпы отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқықбұзушылық деп саналуға тиіс. Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек", - деді Президент Жолдауында.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс Төрағасы Парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойған еді.
Отырыс Астанада өтіп жатыр.
Қыркүйек айында Қазақстанда жаңа саяси маусым басталады. Қалыптасқан дәстүр бойынша, ол Президенттің Жолдауынан басталады. Кейінгі екі жылда Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа 1 қыркүйекте үндеу жасаған болатын.
Жаңа саяси маусым: Президент Жолдауы несімен маңызды?
Сарапшылардан Президенттің Жолдаудағы тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын және бұл құжаттың мемлекеттік аппарат үшін неге аса маңызды екенін сұраған едік.
Еске салайық, Президент 2023 жылы 1 қыркүйекте Жолдау жасаған болатын. Жолдауда маңызды мәселелер көтеріліп, бірнеше тапсырма берілді. Оның ішінде:
- Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды
- Көлік министрлігі қайта құрылды
- Ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтерілді
- Ірі кәсіпорындарға 5 жыл сайын аудит жасалатыны айтылды
- "Келешек" ерікті жинақтау жүйесі пайда болатыны айтылды
- Кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдады
- Аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығы берілетіні айтылды
- Air Astana компаниясы халықтық ІРО-ға шығарылатыны айтылды
- АЭС салу референдум арқылы шешілетіні айтылды
- 2024 жылы ұлттық төлем жүйесін толық енгізу тапсырылды
- "Отбасы банктің" қызметін қайта қарау тапсырылды
- Қазақстанға шетелдік үш банк келетіні айтылды
- Су тапшылығы қашан сезілетіні айтылды
- Инвесторлар салықтан босатылатыны айтылды
- Туризм саласында нақты тапсырмалар берілді
- "Ұлттық қор - балаларға" жобасы қолға алынды
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина