Президент тапсырмасын орындамаған мемқызметкерлер жұмыссыз қалады

Президент тапсырмасын орындамаған мемқызметкерлер жұмыссыз қалады
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі (МҚІА) Қазақстандағы мемлекеттік қызметшілерді жазалаудың жаңа ережелерін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жуырда Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірқатар құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Олардың кейбіреулері мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібіне қатысты.

МҚІА Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында, Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер әкімшілік және саяси болып бөлінетінін айтты.

Саяси мемлекеттік қызметшінің қызметі саяси анықтаушы сипатқа ие және ол саяси мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін жауап береді. Олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау тәртібі 2015 жылы бекітілген мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларында көзделген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тәртіптерге жоғарыда аталған тәртіпті реттеу мақсатында өзгерістер енгізді.

"Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша Президенттің тапсырмаларын, Президент Әкімшілігі басшылығының тапсырмаларын орындамау немесе тиісінше орындамау үшін саяси мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдануды қарастыратын нақтылаушы сипаттағы өзгерістер мен толықтырулар енгізілді", - делінген агенттік жауабында.

Айта кетейік, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес қызметтік тәртіпті және қызметтік әдепті бұзғаны үшін мемлекеттік қызметшілерге ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, мемлекеттік лауазымын төмендету (сайланбалы негізде жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда) және атқарып отырған мемлекеттік лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек