Президент тағы бірнеше азаматты орденмен марапаттады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
І дәрежелі "Барыс" ордені Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары А.Рауға, Р.Бағланова атындағы "Қазақконцерт" мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының әртісі Н.Өнербайға, еңбек ардагерлері Қ.Жақыповқа, Ө.Озғанбаевқа, В.Редкокашинге және С.Шәкіратқа, Алматы қаласы "Persona" халықаралық клиникалық репродуктология орталығының басшысы В.Локшинге, ІІ дәрежелі "Барыс" ордені Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Н.Онжановқа және еңбек ардагері Ж.Шәріповке, ІІІ дәрежелі "Барыс" ордені Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсеноваға, шахматтан әлем чемпионы Б.Асаубаеваға, Қызылорда облысының әкімі Н.Нәлібаевқа, Тараз қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы С.Сейдәзімовке табысталды.
Сонымен қатар, бір топ белгілі ғалым, мәдениет, білім саласының қайраткерлері және өндіріс өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер "Парасат" орденінің иегері атанды:
Ұлтаралық бейбітшіліктің дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін "Ел бірлігі" орденімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі С.Героев, күрдтердің "Барбанг" қауымдастығының төрағасы А.Алиев, "Мицва" қауымдастығының төрағасы А.Барон және "Динар-Электромаш" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тең құрылтайшысы С.Вишняк марапатталды.
Еліміздің дамып, өркендеуіне елеулі еңбегі сіңген бір топ азамат, соның ішінде Алматы қаласындағы "Балдәурен" балаларды оңалту орталығы" КМК директоры Ш.Абесов, "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров, Астана қалалық Жас көрермендер театрының актрисасы С.Еслямова, скрипкашы Ж.Серкебаева, Қосшы қаласындағы мектеп-гимназияның директоры Д.Асқарова "Құрмет" орденімен марапатталды.
Бұдан бөлек, өнеркәсіп, транспорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да өндіріс салаларының жұмысшылары мен еңбеккерлері ІІ және ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" орденін иеленді. "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағы ғылым және мәдениеттің көрнекті өкілдеріне табысталды.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, ақын-жазушылар Т.Медетбек, В.Михайлов және И.Сапарбай "Қазақстанның халық жазушысы" атағына ие болды.
"Қазақстанның халық әртісі" құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері: театр және кино актерлері К.Жұмабековке, Л.Кәденге, О.Коржеваға, И.Лебсакқа, Р.Махпироваға, Г.Шынтемірге және Ә.Ыдырышевқа, опера әншілері М.Мұхамедқызы мен Ж.Баспақоваға, дирижер А.Мұхитдинов пен күйші С.Тұрысбекке, сондай-ақ белгілі әнші М.Ілиясоваға берілді.
Сонымен қатар, биылдан бастап құрметті атақтар қатарына "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" атағы қосылды:
"Ұлттық ғылыми медициналық орталығы" акционерлік қоғамының бас директоры А.Байгенжин, "Ұлттық ғылыми онкология орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гематология орталығының басшысы В.Кемайкин және Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасының дәрігері Б.Цхай жаңа құрметті атақтың алғашқы иегерлері атанды.
Жалпы биылғы мемлекеттік наградаларды тағайындауда қарапайым жұмысшылардың мәртебесін асыруға, еңбек әулеттерінің қоғамдағы абырой-беделін арттыруға айрықша мән берілді. Марапат иелерінің қатарында 450-ден астам жұмысшы, 137 педагог, 80-нен аса ғалым, 100-ге жуық құтқарушы мен ерікті бар.
Еңбек династияларын марапаттау дәстүрі биыл да жалғасын тапты. Бұл жолы мұғалімдер, өндірісшілер, теміржолшылар әулеттері құрметке бөленді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз