Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңес өтіп жатыр. Президент отандық бизнес өкілдері туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Мемлекеттің қолдауына ие болып отырған ірі бизнес өкілдері айрықша рөл атқарады. "Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу" әдетінен арылу керек. Есесіне, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн.
Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнес-элитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады.
Сонымен қатар, бізге "кәсіпкерлердің жаңа толқыны" керек. Мемлекеттің ресурсына арқа сүйемей, бойындағы дарыны мен іскерлігі арқылы тұрақты әрі мықты кәсіп құра білген "тың күштер" қажет", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!