- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Президент Шымкент қаласының...
Президент Шымкент қаласының әкіміне тапсырма берді
Фото:
Ақорда
Президент Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысына Шымкент қаласының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді.
Ғабит Сыздықбековтің баяндамасынан:
- былтырғы қорытынды бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26 пайыз артып, 724,3 млрд теңгені құрады. Былтыр 1 млрд 51 млн теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді;
- өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған;
- қазір 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4 пайыз көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген;
- қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде;
- шаһарда "Ізетті зейнеткер" сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар салынған;
- былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық ашылған;
- "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған;
- 233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілген;
- қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланған. Соңғы жылдары мұндай жүйелі шараның нәтижесінде қылмыс саны 33 пайыз азайған;
- жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды. Орталықтағы "Спутник" гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина